Фейк: «Вакцинацияланған аналар емізген балалар гепатит жұқтырады»
Әлеуметтік желілерде балалар арасында шығу тегі белгісіз гепатиттің өршуі туралы ақпарат тарады. Автордың айтуынша, төрт жасқа дейінгі гепатитпен ауырған барлық балалардың анасы COVID-19 қарсы вакцина алған. Бұл олай емес.
Биыл көктемде әлемде балалар арасында белгісіз гепатит ауруы тіркелді. Ең көп жағдай Ұлыбританияда болды. Осы жылдың 3 мамырындағы мәліметтер бойынша, 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында ауру жұқтырудың 163 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 118-і – үш жастан бес жасқа дейінгі балалар. Бұл ретте ресми құжаттарда баланы емізу және ата-ананың вакцинация мәртебесі туралы мүлдем жазылмаған.
Науқас балаларды емізген аналардың екпе салдырғанын дәлелдейтін ресми және рецензияланған зерттеулер жоқ.
Сондай-ақ Ұлыбританияның Денсаулық сақтау агенттігінің брифингтерінде гепатитпен ауырған бес жасқа дейінгі балалар арасында егілгендер болмағаны туралы айтылды. Жалпы науқастанған балалар санының 75%-ын бес жасқа дейінгі балалар құрайтындықтан, гепатит COVID-19 қарсы вакцинацияның салдары деп айту негізсіз және қисынсыз.
Қорыта айтқанда, вакцинацияланған ана емізген балаларда гепатит дамиды деген ақпарат – фейк, ол бірде-бір ғылыми зерттеумен немесе статистикалық мәліметтермен расталмайды. Бүгінгі таңда COVID-19 қарсы вакцинация мен балаларда гепатиттің өршуінің арасында байланыс анықталған жоқ.