Фейк: «Италияда вакцинацияның жанама әсерінен бір күнде 11 адам қайтыс болды»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде Италия жағажайларында 24 сағаттың ішінде кем дегенде 11 адам қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Олардың өліміне COVID-19 қарсы вакциналардың жанама әсері себеп болған екен. Бұл дәлелденбеген.
Бұл жаңалықтың дереккөзі – NewsPunch порталы, онда жалған ақпараттар мен манипуляциялар жарияланады. Портал бірнеше рет сенімсіз ақпарат көздерінің тізіміне еніп, фактчекерлердің бақылауына түспеу үшін атауын да өзгерткен.
NewsPunch жағажайлардағы жаппай өлім туралы хабарламада неміс блогері Том Штальдің Telegram-каналына сүйенеді. Онда да COVID-19 пандемиясы туралы конспирологиялық теориялар мен фейк жаңалықтар жарияланады.
Италиның беделді БАҚ-тарында жағажайларда демалушылардың жаппай өлуі туралы ақпарат жоқ. Баспасөзде 27 маусымда жағажайларда екі қарт адамның көз жұмғаны туралы жазылды. Екі жағдайда да өлімге қариялардың жасы үлкен болуы – 77 және 71 жас жәнее аптап ыстық себеп болған. Олардың егілген-егілмегені белгісіз.
Биыл жазда Италия жағажайларында орын алған қайғылы оқиғалар туралы басқа мәліметтер жоқ.
Бұған дейін фактчекерлер COVID-19 қарсы вакциналар кенеттен өлім синдромын тудырады деген теорияларды жоққа шығарған болатын.
Демек, Италияның жағажайларында 11 демалушының қайтыс болғаны туралы ақпарат дәлелденбеген және фейк болып табылады.