Фейк және манипуляция: «Вакциналар қауіпсіз болмағандықтан адамдардың барлық вакциналарға деген сенімі төмендеген»
Желіде егулер «әсер етпейді және қауіпсіз болмағандықтан» адамдар вакцинациядан жаппай бас тарта бастағаны туралы видео тарады. Бұл туралы Доктор Маккаллоу Британдық медициналық журналдағы мақалаға сілтеме жасай отырып хабарлаған. Бұл пікірге сенбеген жөн.
Таралған видео подкастер Брайан Роуздың америкалық кардиолог Питер Маккаллоумен әңгімесінен алынған үзінді. Коронавирус пандемиясы кезінде бұл дәрігер 50 жасқа дейінгі адамдар мен COVID-19-бен ауырғандарға вакцина қажет емес, бұл аурудың симптомсыз ағымы бар екеніне дәлелдер жоқ, вакциналар қауіпті және ауруды қайта жұқтыру мүмкін емес және т. б. мәлімдемелер жасап, вакцинацияға қарсы шығады. Оның көптеген дәрігер әріптестері мен фактчекерлер оның мәлімдемелерін жоққа шығарып, олардың қате екенін дәлелдеді. 2022 жылдың қазан айында Америкалық ішкі аурулар кеңесі оның сертификатын қайтарып алуды ұсынды.
Таралған сұхбатта Питер Маккаллоу Британдық BMJ медициналық журналы CОVID-19-ға қарсы вакцинация «апат болды», сондықтан қазір адамдар барлық егулерден бас тартуда делінген баяндама жариялады. Бұл деректермен манипуляция жасау болып табылады.
Шындығында, 2020 жылғы 28 қазанда журнал «Вакцинациядан бас тарту SARS-CoV-2-ге қарсы соғысты ұзарта ма?» деген мақала жариялаған. Онда вакцинацияға қатысты қоғамдық пікірді зерттеу бойынша жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері ұсынылды. Сауалнамалар 2020 жылы Еуропаның 26 елінде жүргізілді, оған 24 970 респондент қатысты. Жауаптардың жалпы талдауы, шамамен 58%-ы (14 365 адам) вакцина дайын болған соң SARS-CoV-2 қарсы егілуге дайын немесе егілуді жоспарлағанын көрсетті. 16%-ы (3998 адам) бұл мәселе бойынша бейтараптық танытқан, яғни оларға бәрібір болған. Ал сұралғандардың 26%-ы (6607 адам) екпе алуды жоспарламаған және оны алғысы келмеген.
Мақаланың қорытындысында адамдарға «COVID-19 пандемиясының қажетсіз ұзартылуын болдырмау» үшін вакцинацияның артықшылықтары, вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ағарту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы жазылған.
Бүгінгі таңда егулер аурудың таралуымен күресте тиімді екені белгілі. Вакцинацияға арналған препараттардың қауіпсіздігі мен тиімділігі көптеген зерттеулермен дәлелденген.
Мақалада адамдарға COVID-19-дан басқа ауруларға қарсы вакцинация туралы сұралғаны жөнінде айтылмаған. Сондықтан барлық екпелерден жаппай бас тарту жүріп жатқаны туралы ақпаат негізсіз.