Видео

Фейк: «Ұялы телефон қауіпті, себебі ол өртеніп кетуі мүмкін»

Instagram-да смартфондардың қауіптілігін дәлелдейтін эксперименттің видеосы тарады. Ролик авторы металл мақтадан сақина жасап, оны ұялы телефонның ортасына қояды. Смартфонға қоңырау соғылғанда, материал жана бастайды. Бұл фейк.

Бұл эксперименттің видеосы Желіде 2019 жылдың желтоқсанында шыққан. Онда болып жатқан жайттың ғылыми негізі немесе түсіндірмесі болған жоқ. Пайдаланушылар қоңырау соғылған кезде iPhone болат мақтаны өртеп жібере алатынына жай ғана сенді.
2020 жылдың қаңтарында Snopes фактчекинг порталының журналистері бұл тәжірибені әшкереледі. Олар видеоны 0,25 жылдамдыққа дейін баяулатқанда, жазбаның 29-шы секундында «жалынның» монтаждау нәтижесінде жасалған цифрлық эффект екендігін байқаған. Видеоны баяулатқанда өрттің қалай пайда болатынын және бір жерден шықпай, сақинаның үстінде бірден өшетінін көруге болады.
Оның үстіне, бұл ұялы телефон мен металл мақтаның арасындағы қауіпті реакцияны дәлелдейтін бірінші және жалғыз видео секілді. Мұндай экспериментті қайталап жасау немесе смартфоннан өрт шығуы мүмкін екендігі туралы Желіде ақпарат жоқ. Мұның рас екеніне дәлел жоқ.
Телефонға соғылған қоңырау жұқа болат мақтаны тұтандыра алмайды. Snopes роликте көрсетілген әсерді қайталау үшін өз тәжірибесін жасады. Нәтижесінде, телефон қоңырауынан өрт шықпайтыны анықталды.
Шындығында, болат мақта өте оңай тұтанады. Бірақ оны аккумулятормен немесе ұшқынмен жағуға болады. Ал 4G немесе 5G технологиясын қолдайтын телефонның радио толқындарымен өрт қою физикалық тұрғыдан мүмкін емес.
4G және 5G радиотолқындары электромагниттік спектрдің ионданбайтын бөлігіне түседі. Иондаушы емес сәулеленудің адам денсаулығына әсеріне қатысты зерттеулер көп жүргізілді. Соның ішінде, ғалымдар ұялы телефондарды пайдаланумен байланысты тәуекелдерді де зерделеді. Бүгінгі күні олар ұялы телефондардың ағзаға зиянды әсер ететіндігіне нақты дәлелдер таппады.
Демек, таралған видео – бұл ескі фейк, оған сенудің қажеті жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button