Дәлелсіз: «Адамдар жұлдызды аспанның толық картасын 30 мың жыл бұрын салған»
Әлеуметтік желі қолданушылары белгісіз себептермен адамдардан жасырылған таңғажайып археологиялық олжа туралы жазды. 1978 жылы Қырым түбегіндегі үңгірлердің бірінде жұлдызды аспанның ойып салынған картасы бар мамонт сүйегі табылды, онда ресми мәліметтерге сәйкес, тек ХХ ғасырда ғана ашылған шоқжұлдыздар бейнеленген. Бұл рас па, тексерейік.
Желіде таралған мәтінге сәйкес, ерекше артефактіні 1978 жылы Қырым түбегіндегі Чокурча үңгірінен Столбунов деген ғалым тапқан.
Чокурча үңгірі – палеолит дәуіріндегі ең көне тұрақтардың бірі. Ол 1927 жылы табылды. Археологтар көп артефактілер тапқан, бірақ олардың барлығы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қырымды басып алғанда жоғалып кетті.
1974 жылы Чокурчи маңында автобаза салу туралы шешім қабылданды. Көп ұзамай болашақ құрылыс орнына жақын маңдағы Луговое ауылының оқушылары мұражайға жануарлардың сүйектері мен кремний қабығын алып келеді. Осылайша, Чокурча II деп аталған палеолит дәуіріндегі екінші тұрақ табылды. Автобаза құрылысы тоқтатылып, табылған тұрақ орнына экспедиция жіберілді. Осы экспедицияны басқарған археолог Отто Бадер 1979 жылы жариялаған баяндамаға сәйкес, үңгірде ойылған мамонт сүйектері табылмаған. Сондай-ақ ғылымға қайшы келетін олжалар да болмаған. Тұрақтан үшкір құралдар қырғыштар мен ежелгі жануарлардың сүйектері табылған. Олардың 98%-ы еуропалық есектікі, қалғандары қарабайыр бизон мен жабайы ешкінікі екен. Археологтардың есептерінде мамонт сүйектері туралы ештеңе айтылмаған.
Беделді ғылыми дереккөздерде А. А. Столбунов пен шоқжұлдыздар ойып салынған мамонт сүйектері туралы мүлдем жазылмаған. Қырым мұражайларына осындай олжалардың келіп түскені туралы да ақпарат жоқ. Ерекше гравюралар туралы барлық мақалаларда бастапқы дереккөздерге немесе басқа дәлелдерге сілтеме жасалмаған.
Айта кетейік, ерекше «жұлдызды аспан картасын» анықтау уақыты Орион шоқжұлдызының бейнесі бар мамонт сүйегінің нақты табылу уақытымен сәйкес келеді. Бұл артефактіні Гильхинг-Гейзенбрунндегі дисциплинааралық зерттеулер институтының неміс археологы Майкл Раппенглюк тапқан. Адамның Орион шоқжұлдызына ұқсас суреті салынған сүйек тақтайша 1979 жылы Германияның оңтүстігіндегі құлаған Гейсенклостерле үңгірінен табылды. Ол шамамен 32 мың жыл бұрын жасалған. Раппенглюктің өзі ерекше позадағы адамның бейнесі нақты Орион шоқжұлдызын білдіреді деп пайымдады. Алайда кейбір ғалымдар онымен келіспеді.
Аталған заттардың табылғаны туралы хабарлаған ғылыми журналдар суреттің нақты мағынасын анықтау мүмкін емес деп жазды.
Айта кету керек, 30 мың жыл бұрын адамдардың тастар мен сүйектерге сурет сала білуі ғалымдардың тұжырымдарына қайшы келмейді, керісінше оларды растайды. Археологтардың бағалауы бойынша, шамамен 31 мың жыл бұрын әлемде тастарды бояу өнері қалыптаса бастаған. Ең ауқымды коллекция Үндістандағы палеолит дәуіріндегі тұрақтарда табылды.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, біріншіден, А.А. Столбуновтың жұлдызды аспан картасы ойып салынған мамонт сүйегін тапқанына ешқандай дәлел жоқ екені белгілі болады. Табылған заттар туралы әдебиеттерде де, Қырым мұражайларының сайттарында да дәлел жоқ. Екіншіден, 1979 жылы Германияда археологтың Орион шоқжұлдызының бейнесі деп ойлаған сүйек тақтасын тапқаны рас. Бұл жаңалық жасырылған жоқ және ғалым дүмше деп танылмады. Керісінше, оның ашқан жаңалығы туралы ірі бұқаралық ақпарат құралдарында және беделді ғылыми журналдарда жазылып, ғалымның пікірі дәлелсіз теория екені атап өтілді. Яғни, осындай мәлімет бір жыл бұрын КСРО-да анықталса, оны жасыру мағынасыз болатын еді. Үшіншіден, палеолит дәуірінде ежелгі адамдардың сүйек пен тасқа сурет сала білгені ресми ғылымға қайшы келмейді, оны растайды. Демек, таралған хабарлама дәлелсіз және фейк болып табылады.