Фейк: «COVID-19 кезінде болған жалғыз нақты пандемия – бұл психикалық бұзылулар пандемиясы»
Таралған ақпаратта COVID-19 кезінде болған жалғыз нақты пандемия – бұл халықтың психикалық бұзылыстарының пандемиясы делінген. Оған дәлел ретінде автор «ковидтік шектеулерді қатаң ұстанған адамдар психикалық тұрғыдан сау емес» деп жазылған британдық зерттеуді келтіреді.
Хабарламада пандемияның себебі мен салдарының бірі шатастырылған, сонымен қатар нақты зерттеудің қорытындысы мен оның тақырыбы бұрмаланған.
Алдымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында жарияланған COVID-19 бойынша артық өлім-жітім статистикасына жүгінейік. ДДСҰ мәліметтері бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін әлемде әдеттегіден 14,9 млн-ға артық адам қайтыс болған. Яғни, вирус континенттерге тез таралып, елдер қабылдаған шараларға қарамастан көп адамның өліміне әкелді.
Пандемия шынымен болды және оны ешкім ойдан шығарған жоқ.
Таралған хабарламада британдық The Guardian газетінің сайтындағы ақпарат пайдаланылған. Басылымда берілген тақырып түсініксіз: «Сауалнамаға сәйкес, Ұлыбританияда Covid ережелерін ұстанатын адамдардың психикалық денсаулығы нашар. Зерттеулер көрсеткендей, пандемия үш жылдан кейін адамдардың психикалық денсаулығына ұзақ мерзімді әсер етеді».
Яғни, мақалада пандемияның болғандығы жоққа шығарылмайды. Бұл мәселе егжей-тегжейлі сипатталған, атап айтқанда, пандемиядан кейінгі адамдардың бір тобы осал болып шыққаны.
Неге екенін түсіну үшін зерттеуге жүгінейік. 2023 жылдың қарашасында Солтүстік Уэльстегі Бангор университетінің сайтында университеттің бөлімшелерінің бірі – Элиталық қызмет психологиясы институтының (IPEP) ғалымдары 1700-ге жуық адамның арасында сауалнама өткізгені туралы жарияланым шықты. Олар респонденттерден пандемия кезінде шектеулерді сақтау жеке қасиеттеріне және стресстің психикалық денсаулыққа қалай әсер еткенін анықтамақ болған.
Зерттеу «Ерік пен қоғамдастықтың пандемияға және карантиннен кейін қалпына келтіруге ден қоюға әсері» деп аталады.
Университет сайтындағы мақаланың сипаттамасы газеттегіден әлдеқайда нақтырақ: «Жаңа зерттеу көрсеткендей, адамдар пандемия кезінде Covid байланысты шектеулерді неғұрлым қатаң ұстанса, олардың психикалық денсаулығы соғұрлым нашарлайды». Яғни, зерттеуде COVID-19 ауруы да, коронавирус пандемиясы кезінде шектеу шараларының қажет болғаны да жоққа шығарылмайды.
Керісінше, доктор Марли Виллегерс денсаулық сақтау саласында пандемия кезінде шектеулер енгізіп қана қоймай (2020 жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін), сонымен қатар одан кейін (2023 жылдың ақпанынан наурызына дейін) қалпына келтіру шараларын да қабылдауға тиіс болған деген қорытындыға келді.
Жұмыс барысында зерттеушілер бір жағдайды анықтады. Өз денсаулығына ғана емес, айналасындағылардың жағдайына да алаңдағандар шектеу шараларын қатаң сақтаған. Ал өз қажеттіліктері мен басымдықтарын ойлағандар – азырақ. Біріншілердің қатары көп болған, кейін олар әдеттегідей өмір сүре алмаған. Олар әлі де болса стресске, депрессияға душар болып, алаңдайды, әлі де инфекция жұқтырудан қорқып, сақтанады. Нәтижесінде, бұл мазасыздық олардың психикалық жағдайына әсер етеді.
Доктор Виллигерстің пікірінше, ақпараттық науқан тек Covid пайда болған кезде және пандемия кезінде ғана емес, сонымен бірге барлығына қалыпты жағдайға оралуға көмектесу үшін қазір де қажет.
Ғалым мынадай қорытындыға келді: денсаулық сақтаудың жарнамалық науқандары кезінде тұлғаның екі түрін де ескеру керек. Олардың бірін қазір тыныштандыру керек болса, басқаларына бастапқы кезеңде қоғам алдындағы жауапкершілік, жеке шығындар мен пайда туралы да айту керек еді.
Демек, «жалғыз нақты пандемия» «психикалық бұзылулар пандемиясы» деген мәлімдеме манипулятивті және сенімсіз.