Fake News

Фейк: «Бес жасқа дейін балаларға екпе салмаса, оларда аурулардан табиғи қорғаныс дамиды»

Әлеуметтік желілерде қолданушылар вакцинацияға қарсы танымал тұлға Галина Червонскаяның сөзін талқылауда. Оның айтуынша, вакциналар зиянды және қауіпті, сондай-ақ бес жасқа дейін вакцинацияланбаған балаларда ауруларға төтеп беретін ерекше табиғи қорғаныш дамиды. Бұл олай емес. Неге екенін түсіндірейік.

90-шы жылдары Галина Червонская вакцинацияға қарсы тұлға ретінде танылды. Мамандандырылған медициналық білімі бар екенін дәлелдемей, ол мыңдаған ата-ананы балаларды вакцинациялаудан бас тартуға көндіре алды. Ол ақылы дәрістер мен семинарлар өткізіп, белгілі бір төлем үшін телефон арқылы да кеңестер берген. 2000 жылдардың басында Червонскаяның танымалдығы бәсеңдеді, бірақ COVID-19 пандемиясы кезінде оған деген қызығушылық қайта артты. 2020 жылы Червонская жалған ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін «ВРАЛ құрметті академигі» сыйлығына ие болды.

Оның бес жасқа дейін вакцинацияланбаған балаларда ауруларға төтеп беретін ерекше қорғаныш дамиды деген пікірі өтірік.

Бұл мәлімдеме шын деп бір секунд ойласақ, онда 1796 жылға дейін Эдвард Дженнер шешекке қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаны ойлап тапқанға дейін, барлық адамдарда аурудан ерекше қорғаныш болуға тиіс еді. Бірақ олай болмағаны анық. Жоғарыда аталған табиғи шешектен жыл сайын шамамен бес миллион адам қайтыс болған. Оның ішінде балалар да бар.

Алайда, шешекке қарсы вакцина жасалып, көптеген мемлекетте міндетті болып енгізілгеннен кейін, бұл ауруды жұқтыру ықтималдығы азайды. Ал 1980 жылдан бастап ауру басылды деуге болады, өйткені сол кезден бері бірде-бір адам онымен ауырмаған.

Бұл полиомиелитке де қатысты. Онымен көбінесе бес жасқа дейінгі балалар ауырады, сондықтан ересек балаларды егу нәтижесіз. Аурудың 200 жағдайының бірінде тыныс алу бұлшықеттерінің параличін тудыратын ауыр қайтымсыз процесс болуы мүмкін немесе науқас қайтыс болады.

Полиомиелитке қарсы екпе әзірленгенге дейін балаларда полиомиелиттен қорғайтын табиғи механизм болмаған. Вакциналар әлемде осы аурумен сырқаттанушылықты 99%-дан астамға төмендетуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, жыл сайын вакцинацияға қарсы адамдар санының артуына байланысты қызылша ауруының ошақтары тіркелуде. Бұл ретте науқастардың басым бөлігі – вакцинацияланбаған балалар. Бұл оларда табиғи қорғаныш дамымағанын көрсетеді.

Вакцинация – бұл балаларға «шағын ауруларды» жұқтыру деген тұжырым ойдан шығарылған. «Шағын ауру» терминін Червонская енгізген, оның вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ. Екпеден адамға ауру жұқпайды, ол адам ауру жұқтырса да, иммундық жүйеге патогендерді тануды және оларға аурулардың дамуына жол бермейтін антиденелер қалыптастыруды «үйретеді».

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button