Fake NewsМедициналық фейктер

Фейк: «Краннан аққан су қатерлі ісік тудырады және оның құрамында радиация бар»

Әлеуметтік желілерде тараған видеода өзін дәрігер деп атаған біреу краннан аққан суда радиация мен зиянды заттар бар дейді. Суды фильтрден өткізбесе немесе оған Гималай тұзын қоспаса, онда қатерлі ісікке шалдығуыңыз мүмкін. Бұл жалған.

Сұхбат 2014 жылдың қазан айында дәрігердің YouTube арнасында жарияланған. Бірақ ол өтірік дәрігер. Леонард Колдуэллдың шын аты Бернд Кляйн. Бұл әр видеода дүниежүзілік қастандық туралы айтатын талантты оратор. Оның айтуынша, бәрі өтірік айтады – дәрігерлер, өнеркәсіпшілер, қаржыгерлер, саясаткерлер. Көбінесе Колдуэллдің өзі өтірік айтады. Журналистер оның ғылыми дәрежелерін АҚШ-та ақшаға сатып алғанын анықтады. Колдуэллдың айтуынша, ол қатерлі ісіктен 30 мыңнан астам пациентті емдеген. Ал бұған құжаттық дәлел келтіруді сұрағанда, ол сауығып кеткен адамдарға үндемегені үшін пара беретін жауларын желеу етеді. Ол ажалдан аман қалғанын айтады, өйткені фармацевтика индустриясы оның аузын жабу үшін бірнеше рет кісі жалдап, өлтірмек болған. 90-жылдардың соңында ZDF неміс мемлекеттік арнасының эфирінде Колдуэллді жалған атақты деп атайды. Ол кезде жалған дәрігер Telekom және Lufthansa компанияларында жұмыс істегені туралы өтірік айтқан, ал ондағылар ол туралы естімеген екен.

Фейктерге қарсы ұйымдар Колдуэллды бірнеше рет әшкерелемек болған. 2020 жылы жалған дәрігер COVID-19 адамдарды чиптеу үшін әдейі жасалған деп мәлімдеді.

Біз талдап жатқан видеода псевдодоктор судағы фтор мен хлордың әсерінен қатерлі ісік ауруы мүмкін дейді. Америкалық онкологиялық қоғам суға фтор қосудың адам денсаулығына әсері туралы ғылыми шолуларды іріктеп, талдап шықты. Осы зерттеулердің кейбіріне тоқталайық. 2010 жылы Денсаулық пен қоршаған ортаға төнген қауіп-қатер жөніндегі Еуропалық ғылыми комитет (SCHER) судағы фторидті остеосаркомамен байланыстыруға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Бір жылдан кейін Калифорния канцерогенді анықтау комитеті (CIC) қатерлі ісіктің фторид пен оның тұздарынан болатынына дәлелдер жоқ деп мәлімдеді. Ғалымдар мынадай ортақ пікірге келді: суға фтор қосу мен адамдарда онкологиялық аурулардың болуы қаупінің арасында нақты байланыс жоқ.

Суға хлор қосу адам ағзасына зиян тигізбейді, дейді Джонс Хопкинс университетінің Қоршаған ортаны қорғау және инженерия кафедрасының доценті Карстен Прассе. Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) мәліметтері бойынша, ауыз суға хлор қосқанда көптеген микробтар мен бактериялар өледі. Сонымен қатар, су арқылы берілетін ауруды, мысалы, тырысқақ немесе іш сүзегін жұқтыру қаупі азаяды.

Бірақ хлордың суда болатын фенолдармен қосындысы (айта кетейік, олар фармацевтикалық және жеке күтімге арналған өнімдерде болады) жанама өнімдер қалыптастырады.  Ғалымдардың айтуынша, олар ұзақ мерзімді перспективада адамға зиян тигізуі ықтимал. Бірақ қандай және қашан, ешкім нақты айта алмайды, әлі зерттеулер жоқ.

Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA), Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі (IARC) және Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету министрлігі (DHHS) хлорды адам канцерогені ретінде жіктемейді. 

Колдуэлл пластик бөтелкедегі су денсаулыққа қауіпті деп мәлімдейді. Әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі дамиды, ал ерлердің ағзасына әйел гормондары енеді екен. Австралиялық қатерлі ісікке қарсы кеңес мұны жалған ақпарат деп атады. Бір кездері адамдар көп жылдар бойы бір-біріне Уолтер Рид әскери медициналық орталығы мен Джонс Хопкинс университетінің атынан электрондық хаттар жіберіп келді. Оларда аталған құрметті ұйымдар пластик бөтелкеден су ішуге болмайды деп мәлімдеді деп жазылған. Бұл онкологиялық аурулардың пайда болу қауіпін тудырады. Кейіннен мұның фейк екені және екі мекеме де бұл хаттар туралы ештеңе білмегені анықталды. Ғалымдардың пайымдауынша, пластик бөтелкелерден су ішу қауіпсіз, тіпті ол қатып қалса немесе оны ыстық күннің астында машинада ұмытып кетсеңіз де. Бөтелкені қайта пайдалануға да болады. Қандай да бір зиянды заттардың бөлінетініне дәлелдер табылмаған.

Колдуэлл айтқан бесфинол А (BPA) пластик бөтелкелерде жоқ. Суға арналған бөтелкелер шығару үшін ПЭТ деп аталатын полиэтилентерефталат қолданылады. Бірақ ВРА бөтелкеде болса да, ол тамақпен, сусындармен байланыста қауіпсіз болады.

Сондай-ақ Колдуэлл суда да радиация бар дейді. 2019 жылы ауыз судың құрамында тритий бар деген жалған ақпарат Францияда аптап ыстық болғанда таралды. Шенеуніктер жалған ақпарат таратуды тоқтату үшін барлық медициналық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тартуға мәжбүр болды. Денсаулық сақтау ұйымдары суды радиациялық бақылауды тұрақты негізде жүргізеді. 

Колдуэлл суға қосуды ұсынған гималай тұзының кәдімгі ас тұзынан артықшылығы жоқ. Оның үстіне, құрамында микроэлементтер мен минералдар, оның ішінде натрий бар. Оны жиі қолдану қан қысымының жоғарылауына және жүрек-қан тамырлары ауруларының болу қаупіне әкеледі, бұл остеопорозды асқындырып, бүйрек проблемаларын тудыруы ықтимал.

Демек, Леонард Колдуэллдің таралған видеодағы мәлімдемелері дәлелденбеген және ғылымға қарсы.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button