Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналардан жүрек пен қан тамырларын кесетін пышақтар табылды»
Қазақстандықтар Telegram-да неміс ғалымының қорқынышты жаңалық ашқаны туралы жазды. Ол COVID-19 қарсы вакциналардың құрамында графен гидроксидінен тұратын жүрек пен қан тамырларын кесетін пышақтар тапқан екен. Бұл ақпарат растала ма? Тексерейік.
Бұл жаңалықты ашқан ғалым – Андреас Ноак. Ол COVID-19 қарсы вакциналарда пышақтарды тапқаны туралы бірнеше видеода және көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде айтқан. Алайда, ол өз сөздерін ауызша ғана айтып, ешқандай құжаттар ұсынбаған. Вакциналардан бөгде затты анықтау процесін сипаттайтын ресми зерттеу хаттамалары немесе графен гидроксидінің жүрек пен қан тамырын кесетінін дәлелдейтін ғылыми жұмыстар жоқ.
Сонымен қатар Ноак вакциналардан графен оксидін тапқан ғалым Пабло Кампраның жоққа шығарылған зерттеуіне сүйенеді. Кампра бұл жаңалықты ашқан университет бұған ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
Мұның бәрі Ноактың ғылыми зерттеулеріне күдік келтіреді. Графен гидроксиді дегеніміз не және оны адамдарды ішінен кесу үшін вакциналарға жасырын түрде қоса ма, жоқ па, анықтайық.
Графен – бұл алтыбұрышты жасушалары бар бір атомды тор болып табылатын көміртектің аллотропты модификациясы. Гидроксидтер – бұл молекулаларының құрамында OH гидроксил тобы бар химиялық қосылыстар тобы. Химияда графен гидроксиді GH деп белгіленеді. Таза графеннен айырмашылығы, оның гидроксиді үш өлшемді қабатты құрылымға ие. Бұл материалдың фармацевтикада қолданылатыны туралы деректер жоқ. Оның орнына ғалымдар оны жоғары көлемді сыйымдылығының арқасында энергияны сақтау жүйелерін және суперконденсаторларды өндіру үшін пайдалануды ұсынады.
Графен гидроксидінің микроскопиялық пышақтардың рөлін атқара алатындығын және адамдардың немесе жануарлардың ішкі мүшелерін кесетінін дәлелдейтін мәліметтер жоқ.
Егер заттың мұндай қасиеті болса, және оны мұқият жасырса, онда барлық вакцинацияланған адамдар түсініксіз ішкі қан кетулерден зардап шегіп, салдарынан өлер еді. Бірақ бұл олай емес. COVID-19-ға қарсы жаппай егу науқаны 2020 жылдың желтоқсанында басталды. Содан бері вакцинаны Жер бетіндегі халықтың 70%-дан астамы алды, бұл 5,5 миллиардтан артық адам. Бұл ретте бірде-бір беделді ғылыми журнал осы көп адамның ішінде біреуінде вакцина ішкі қан кетулерді тудырғанын жазбаған. Бұқаралық ақпарат құралдары да, вакцинацияға қарсы адамдар да мұндай жағдай туралы хабарламаған.
Демек, Андреас Ноак графен гидроксидінен жасалған пышақтардың болатынын ойлап тапты. Біріншіден, бұл затты пышақ ретінде қолдануға болатындығына ешқандай дәлел жоқ. Екіншіден, ол фармацевтикада қолданылмайды. Үшіншіден, Ноак өзі ашқан жаңалығын дәлелдеген жоқ, төртіншіден, вакцинацияланған 5,5 миллиард адамның бірде-біреуінде жүрек пен қан тамырларының механикалық зақымдануына тән белгілер байқалмаған.