Фейк: «Спутник-V» вакцинасымен егілген зейнеткерде тромб түзілген»
Қазақстандықтар Telegram-чаттарда Волгоград тұрғынын ауруханаға жатқызу туралы жаңалықты талқылауда. Онда COVID-19 қарсы «Спутник-V» вакцинасын алғаннан кейін ауыр тромбоз пайда болған екен. Бұл олай емес.
Волгоградта «Спутник-V» вакцинасымен егілген зейнеткерлердің бірі бірнеше күннен кейін ауруханаға түскені рас. Оның туыстарының айтуынша, науқастың аяғында қара дақтар пайда болған. Дәрігерлер тексеріп, бұл тромбоздың белгілері деген қорытынды жасайды. Зейнеткердің туыстарының пікірінше, бұл жақында салынған вакцинаға байланысты.
Бірақ Волгоград облысы Денсаулық сақтау комитетінің өкілдері вакцина мен зейнеткерде пайда болған белгілердің арасындағы байланысты жоққа шығарды.
– Бұл әйелде кез келген сәтте қанмен қамтамасыз етудің декомпенсациясын тудыруы ықтимал артериялық жүйенің созылмалы ауруы бар. Қазіргі кезде пациент дәрігерлердің бақылауында, барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, жағдайы қанағаттанарлық. Айта кетейік, елімізде фармакологиялық қадағалау барысында «Спутник V» препаратымен вакцинациялау аясында пайда болған және оны қолдану салдарынан тромбоздар туындаған бірде-бір жағдай тіркелген жоқ, – деп хабарлады ведомство өкілдері V1.ru басылымына.
Ресей Федерациясының фармакологиялық бақылауы «Спутник-V» препаратын егумен байланысты тромбоз туындаған бірде-бір жағдайды анықтамаған. COVID-19 қарсы вакциналардың жанама әсерлерін бақылау үздіксіз жүргізіледі.
Қазақстанда да иммундау үшін «Спутник-V» вакцинасы қолданылады. Елімізде екпе алған адамдарда елеулі жанама әсерлердің болғаны туралы хабарланған жоқ.