Фейк: «Google ДДҰ, БҰҰ және ДЭФ әдістемелері бойынша жаһандық цензура енгізді»
Қазнетте Google БҰҰ, ДЭФ және ДДСҰ-мен сөз байласып, енгізген жаһандық цензура туралы жазды. Хабарламаға сәйкес, бұдан былай Желіде COVID-19 статистикасы, қылмыс статистикасы, Дүниежүзілік банк және басқа да өте маңызды тақырыптар бойынша қандай да бір ақпаратты табу мүмкін емес. Мұның бәрі өтірік.
Таралған ақпаратта Google жаһандық цензураны Google FactCheck Tools атауымен жасырған делінген. Оның не екенін тексеру қиын емес. Google платформасында FactCheck Tools бағдарламасы екі нәрсені қамтиды деп жазылған. Біріншісі: бұл тек сенімді ресурстарға сілтемелер беретін арнайы іздеу жүйесі. Екіншісі: Fact Check Markup Tool опциясы. Сенімді және фактчекингтік порталдардың иелері оны өз сайттары үшін өз қалауымен қоса алады, бұл іздеу жүйелеріне әлдеқайда релевантты ресурстарды белгілеуге мүмкіндік береді. Factcheck Tools сипаттамасында цензура туралы да, ДЭФ, ДДҰ және БҰҰ туралы да ештеңе жазылмаған.
Кейбір веб-сайттар мен материалдар Google-дан іздегенде пайдаланушыларға көрінбеуі мүмкін, бірақ мұның себептері баршаға белгілі. Атап айтқанда: платформада спамның көп болуы, заңды талаптар – материалдар соттың немесе басқа ресми инстанциялардың шешімімен пайдаланушыларға көрінбейді, хакерлік контент, фишинг және әлеуметтік инженерия, Google саясатына сәйкес келмеу.
Бұл ретте, таралған хабарламада тыйым салынған тақырыптар ретінде көрсетілген тізімі контентті ортақ пайдаланудан алып тастау себептерінің ешқайсысына жатпайды. Google-да COVID-19 жұқтыру және ФТБ-ның қылмыстарды тергеу статистикалары ұсынылған ресурстар көп. Сондай-ақ жүйеде «Дүниежүзілік банк»,«бірыңғай әлемдік үкімет» және PharmGKB (фармакогеномика бойынша білім базасы – авт.) сұраулары бойынша іздеудің релевантты нәтижелері қол жетімді.
Сондай-ақ, таралған постта Google-дің жаңа жаһандық цензурасы серіктестерінің тізімі бар белгілі бір веб-сайт туралы айтылады. Шын мәнінде, бұл – тізім Google New Initiative жобасының 2021 жылғы мүшелерінің тізімі. Бұл бастама медиа-сауаттылық жөніндегі жобаларды ұйымдастыруды, гранттар беруді және фактчекинг және цифрлық дағдыларды дамыту жөніндегі жобаларға демеушілік жасауды қамтиды.
Қорыта айтқанда, таралған хабарлама жалған. Google-дің фактчекинг құралдары жаһандық цензура емес. Постта келтірілген мәлімдемелер негізсіз және жалған болып табылады.