Фейк: «Барлық заманауи музыка Рокфеллердің бұйрығымен сана-сезімді әлсірететін жиілікте естіледі»
Қазнет қолданушылары 1953 жылдан бері Рокфеллердің бұйрығымен барлық музыка санаға қысым көрсетіп, адам денсаулығына теріс әсер ететін 440 Гц жиілікте қойылатынын жазды. Бұған дейін музыкалық аспаптар 438 Гц жиілігіне бейімделген, бұл «табиғи және гармоникалық резонанс». Мұның бәрі жалған және конспирология.
1885 жылға дейін әр түрлі елдердегі музыканттар өз аспаптарын әр түрлі етіп күйге келтірген. Нәтижесінде мысалы, Қытайда және Англияда фортепианода орындалған бірдей композиция әртүрлі естілген. Ең көп таралған реттеулерде «ля» нотасы 435 Гц, 432 Гц немесе 440 Гц жиілігіне сәйкес болды.
1885 жылы Италия үкіметінің музыкалық комиссиясы барлық аспаптар мен оркестрлер 440 Гц жиілікте дірілдейтін камертонды пайдалануы керек деп мәлімдеді. 1917 жылы америкалық музыканттар федерациясы да бұл идеяны қолдады. 1953 жылдан бастап басқа елдердің музыканттары да осындай күйге келтіру стандартына көше бастады.
Ыңғайлы болу үшін 440 Гц жиілігі таңдалды. Мұндай шешімнің қабылдануында ешқандай құпия жоқ, Рокфеллердің бүкіл әлемдегі музыкалық аспаптарды күйге келтіру үшін жиілікті таңдауға әсеер еткені де дәлелсіз.
440 Гц жиілігі сананы әлсіретеді және денсаулықтың нашарлауына әкеледі деуге ешқандай ғылыми негіз жоқ. Сонымен қатар аспаптарды дәл осы жиіліктегі күйге келтіру – музыканттар ұстануы тиіс заң немесе шарт емес. Әлі де болса артистер өз аспаптарын авторлық туындыларына сәйкес келетіндей етіп ретке келтіре алады.
Желіде әртүрлі жиіліктерде орындалған бір шығарманың әртүрлі видеосын тамашалауға болады. Бұл туындыларды тыңдап, музыкалық білімі жоқ адам үшін олардың арасындағы айырмашылықтар өте аз екеніне көз жеткізуге болады. Сондай-ақ, оларды тыңдаған кезде адамның әл-ауқаты жақсармайды және нашарламайды.
Демек, Рокфеллер барлық музыканы денсаулыққа зиян келтіретіндей етіп жасады деген теория – фейк және конспирология.