Fake News

Фейк: «Қытайда пластикалық күріш шығарады және оны шетелге жеткізеді»

Қазнет пайдаланушылары пластикалық күрішті табиғи күріштен қалай ажыратуға болатындығы туралы кеңес беруде. Олар жарманы жағуды, оған су құюды және үккішпен басуды ұсынады. Пластик күріш бола ма? Оны жеуге болатын күріштен қалай ажыратуға болады? Анықтайық. 

Пластик күріш – бұл 2016 жылы шыққан ескі интернет-фейк. Оның пайда болуына Қытайда сырттай күрішке ұқсайтын ақ пластик түйіршіктер шығарып жатқан жұмысшының видеосы себеп болды. Оны көрген пайдаланушылардың көбі видеода қолдан күріш жасау процесі көрсетілген деп шешті, шын мәнінде бұл ақ түйіршіктер әртүрлі қаптамаларға арналған толтырғыштар болып табылады.

Пластик күріш туралы қауесеттерді тексерген фактчекерлер пластиктен жарма жасау оны өсіруге қарағанда әлдеқайда қымбат екендігі туралы бірнеше рет жазған. Яғни, пластик түйіршіктерін күріш деп ұсыну мағынасыз, өйткені бұл өнімнің өзіндік құнының қымбаттауына әкеледі. Сонымен қатар нағыз күрішке араластырылған пластик түйіршіктерін дайын тағамнан байқамау мүмкін емес. Біріншіден, мұндай түйіршіктер сырттай тығыздығы жағынан ерекшеленеді, екіншіден, олар жағымсыз иіс пен дәм шығарады, бұл тағамды мүлдем жарамсыз етеді.

Елімізде тараған ақпаратта сипатталған күріштің табиғилығын тексеру әдістеріне келетін болсақ, оған сенбеу керек. Бірінші кеңес – күрішке су құйып, бірнеше минут күту. Бұл жағдайда табиғи күріш су түбіне тұнады, ал пластик күріш судың бетіне шығады. Бұл ұсыныс қате. Күріштің сапасын осылай тексеруге болады, бірақ бұған пластиктің еш қатысы жоқ: судың бетіне сапасыз дәндер– бос немесе қабығы тым тығыз күріш шығады.

Екінші кеңес – күрішті жағу. Пластик күріш жанып, жағымсыз иіс шығарады, ал табиғи күріш жанбайды екен. Бұл өтірік. Күріш органикалық зат болғандықтан, ол жағымсыз иіс шығарып, міндетті түрде жанып кетеді. Демек, табиғи күріш жанбайды деген теория ғылымға қарсы.

Соңғы, үшінші сынақ – күрішті ұнтақтаса не болатынын көру. Табиғи күріш ақ ұнға, ал пластик – сарғыш массаға айналады. Бұл да жалған. Шындығында, күріштен қандай ұн шығатыны жарма сортына байланысты. Әлемде күріштің 40 мыңнан астам түрі бар. Олар дәннің көлемі және пішіні, дәмі және түсі жағынан ерекшеленеді. Кейбір сорттардың дәндер ақ, басқалары сәл сарғыштау немесе қоңыр болады. Қара және қызыл күріш те бар, олардан ақ ұн шықпайды.

Олай болса, таралған ақпаратқа сенбеген жөн, ол дүниеде жоқ пластик күріш туралы ескі фейкке негізделген. Ал хабарламадағы ұсыныстар пайдасыз болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button