Фейк: «Алаяқтар видео қоңыраулар арқылы несие рәсімдейді»
Қазақстандықтар алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертуде. Мессенджерлерде тараған видео авторының айтуынша, Қостанайда видео қоңыраулар арқылы несие ресімдеудің екі жағдайы тіркелген. Адамдарға белгісіз нөмірлерден видео қоңырау шалынады екен, содан кейін олар жәбірленушінің бейнесін өңдеп, оның атына несие алынады. Бұл жалған.
Қостанай облысының Полиция департаменті мұндай алаяқтық жағдайлары анықталмағанын хабарлады.
– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қостанай облысы бойынша 2023 жылдың басынан бері тіркелген 800 интернет-алаяқтық жағдайының ішінде видео авторы айтқан фактілер жоқ, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, видео қоңырауларды пайдаланатын алаяқтар туралы осындай хабарлама Қазнетте бұған дейін де тараған болатын. 2023 жылдың сәуір айында пайдаланушылар мұндай әрекеттерден Ұлытау облысының тұрғындары зардап шекті деп айтқан. Бұл ақпарат та жалған болып шықты.