Фейк: «Химтрейлдер теориясын дәлелдейтін патенттер табылды»
Әлеуметтік желілерде қалаларда ұшақтардан улы заттар шашу туралы химтрейлдер теориясын дәлелдейтін ролик тарады. Кадрларда осындай технологияның бар екендігін көрсететін екі түрлі патент ұсынылған. Олар не туралы екенін түсіндіріп өтейік.
Видеода көрсетілген патенттің екеуі де Желіде баршаға қолжетімді және олармен кез келген адам таныса алады.
Бірінші патент Apparatus and method for ejecting matter from an aircraft деп аталады (Құрылғы және ұшақтан заттар шашудың әдістері). Атауына қарап, патент жаман бір технологияға берілген деп ойлап қаласыз. Алайда, құжат мәтінін оқып шықсаңыз, онда жұмбақ немесе қауіпті ештеңе жоқ екенін түсінесіз. Патентте ұшақтан қалдық майды, отынды немесе газды ағызудың тиімді технологиясы туралы жазылған. Патент 1990 жылы Boeing Co компаниясына берілген. Жарамдылық мерзімі 2010 жылы аяқталған.
Екінші патент Enhanced aerial delivery system (Әуемен жеткізу жүйелерін жетілдіру) деп аталады. Оның сипаттамасында «ұшақтармен көптеген сұйықтықтарды, ұнтақтарды және басқа агенттерді тасымалдау және шашу» туралы жазылған. Бірақ патент мәтінінде одан әрі осындай іс-әрекеттер жасалатын жағдайлар түсіндіріліп, тізімі ұсынылған. Патентке сәйкес, өрт сөндіру, бұлттарды тарату, алқаптарды өңдеу және т.б. жағдайларда ұшақтардан заттар шашуға болады. Патентте жүйені адамзатқа зиян келтіру үшін қолдануға болатындығы туралы сөз жоқ.
Айта кетейік, бұдан әрі Қазнетте тараған кадрларда химиялық заттарды шашу теориясын дәлелдейтін The Dimming псевдодеректі фильмінің басы көрсетілген. Ол қатты сынға ұшырап, келтірілген тезистер бірнеше рет жоққа шығарылды. Фильмде сөз сөйлеген «сарапшылар» өздерінің біліктілігін растамайды, ал қолданылған жабдық өлшеуге арналмаған.
Жалпы, химтрейлдер туралы теория 1990 жылдардан бері бар және осы уақытқа дейін дәлелденбеген. Идеяны жақтаушылар келтірген барлық «растаулар» жалған немесе қате болып шығады.
Қорыта айтқанда, Қазнетте таралған видеода жалған мәлімдемелер жасалған. Бұл патенттер қастандық теориясын дәлелдемейді.