Медициналық фейктер

Әлеуметтік желілерде бәрін емдейтін сәбіз сорпасының керемет рецептісі тарады

Әлеуметтік желі қолданушылары кез келген ауруды емдейтін сәбіз сорпасының рецептісімен бөлісуде. 500 грамм сәбізді көкөніс езіліп кеткенше және бірқалыпты консистенцияға дейін бір литр тұздалған суда пісіру керек. Мұндай тағамды қанша рет және қандай мөлшерде жеу керек екендігі айтылмайды. Бірақ белгісіз ғылыми зерттеулерге сәйкес, бұл сорпа, дәлірек айтсақ, онда пайда болған қышқыл полисахаридтер бактериялардың ішектің шырышты қабығына жабысуына жол бермейді. Осыған байланысты кез келген, тіпті антибиотиктерге төзімді бактериялар ағзадан зиянсыз шығарылады.

Бұл рас па? Талдап шығайық.

Сәбіз – өте пайдалы көкөніс, оның құрамында дәрумендер мен антиоксиданттар көп. Мысалы, көкөніс өсу мен жақсы көру үшін қажет А дәруменіне немесе сүйектің қатаюына ықпал ететін және қанның ұюына қажетті К1 дәруменіне бай.

Сәбізде көптеген аурулардың, соның ішінде жүрек ауруларының, қатерлі ісіктердің кейбір түрлерінің және дегенеративті аурулардың болу қаупін төмендететін каротиноидтар да мол.

Дегенмен, Ұлттық биомедициналық зерттеулер кітапханасында «antibacterial properties of carrot» (сәбіздің бактерияға қарсы қасиеттері) кілт сөздерімен іздегенде, тамыр дақылының бактерияға қарсы қасиеттеріне қатысты бір ғана еңбек табылды. Атап айтқанда, «сәбіз каротиноидтарының Candida түрлеріне саңырауқұлаққа қарсы әсері». Зерттеу нәтижелері сәбіз сығындысы бактериялардың көбеюін тежейтінін көрсетті, бірақ бұл жағдайда ғалымдар оны полисахаридтермен емес, каротиноидтармен байланыстырады.

«Antibacterial properties of polysaccharides» (полисахаридтердің бактерияға қарсы қасиеттері) деп іздегенде зерттеулер көбірек шығады, бірақ олардың ешқайсысында сәбіз немесе оның бактериялардың ішекке жабысуына кедергі келтіретін қасиеттері туралы жазылмаған.

Сонымен қатар таралған рецептіде сәбізді пісіреді, ал термиялық өңдеу кезінде полисахаридтер жойылады. Ұзақ пісірген кезде полисахаридтердің деңгейі ғана емес, сондай-ақ барлық пайдалы заттар да азаяды.

Демек, бұл рецепт көкөністі жеудің ең дұрыс тәсілі емес, өйткені термиялық өңдеу кезінде тамыр дақылындағы барлық қоректік заттардың мөлшері кемиді. Сәбіздің қатерлі ісік, жүрек ауруы және дегенеративті аурулар сияқты көптеген аурулардың болу қаупін төмендететіні рас. Бірақ сәбіз сорпасының көмегімен бар аурулардан құтылу мүмкін емес. Сәбіз сорпасы немесе тамыр дақылы бактериялардың ішекке жабысуына кедергі келтіріп, олардың ағзадан зиянсыз шығарылатынын растайтын зерттеулер жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button