Жаңбырлы күні маска тағу қауіпті – манипуляция
Әлеуметтік желілерде жаңбырда медициналық маска тағу қауіпті деген хабарлама таралуда. Пайдаланушылар масканы ылғалды күн райында қолдану ережелерін түсіндірген Букингем университетінің профессоры және онкология саласындағы маман Кэрол Сикорға жүгінеді.
Stopfake.kz анықтағандай, Кэрол Сикора бұл тақырыпты шынымен қозғаған. Бірақ ол маска тағудың әлеуетті қаупі туралы емес, бетпердені дұрыс пайдалану жолдары жайлы айтқан. Оның сөзіне қарағанда, дымқыл маскалар өзінің тиімділігін жоғалтады, себебі су қалыпты ауа ағынына кедергі жасайды.
– Маскаларды жиі ауыстырып отыру керек, әсіресе дымқыл болғанда. Бұл қымбат маскаларға да қатысты, – дейді Кэрол Сикора.
Сондай-ақ, қорғаныс маскасын кірлегенде, ішіне қолыңыз тиіп кеткенде ауыстырып, тамақтанған кезде шешіп тастау керек.
Егер көп уақыт үйден тыс жүрсеңіз және медициналық маска тақсаңыз, оны әр 2-3 сағат сайын ауыстырыңыз.
Қорытынды: жаңбырлы күні маска тағу қауіпті емес, бірақ оның тиімділігі төмендейді.