Fake News

Фейк: «Адамдарды олардың келісімінсіз ауа мен тамақ арқылы егуі мүмкін»

Әлеуметтік желілерде мәжбүрлі вакцинацияның жаңа әдістерінің пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Адвокат Томас Ренц енді адамдарға ауа мен тамақ арқылы вакцина егуге болады деп мәлімдеді, мұны кейбір зерттеулер растайды екен. Сонымен қатар Ренц адамдарды қазірдің өзінде олардың келісімінсіз және оларды ескертпестен вакцинациялап жатқанын атап өтті. Бұл өтірік.

Томас Ренцтің адвокат ретіндегі жұмысы COVID-19 пандемиясы кезінде белсенді болды. Ренц бірнеше рет вакцинацияға қарсы шығып, олар мыңдаған адамның өліміне себеп болды деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Үкімет пен фармацевтикалық компаниялар вакциналар арқылы адамдарды өлтіреді деп сотқа талап-арыздар берген. Бірақ оның барлық айыптаулары дәлелсіз, ал мәлімдемелері вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдейтін клиникалық сынақтар мен зерттеулерге қайшы келеді.

Ғалымдар аэрозольді және жеуге жарамды вакциналарды әзірлеп жатыр.

Аэрозольді вакцинацияның адамдарды тез және жаппай иммундаудың бірқатар артықшылықтары бар. Сонымен қатар вакцинацияның бұл әдісі иммунитеттің дамуына әкеліп қана қоймай, бүкіл ағзаны тиімді, жаппай қорғауға әкеледі.

Оңтүстік Америкада қызылшаға қарсы аэрозольді тірі вакцина сынақтары жүргізілді, бұл аэрозольді иммундаудың перспективасын көрсетті. Сондай-ақ А тұмауына қарсы белсенді емес немесе тірі әлсіретілген аэрозольді вакцинаны зерттеудің де нәтижесі жақсы болды.

Сынақ кезінде оң әсер болғанына қарамастан, мұндай аэрозольді вакциналар жоғары техникалық талаптарға байланысты әлі өндірілмейді және қолданылмайды. Сондай-ақ аэрозольді вакциналарды жеткізу мен олардың оңтайлы құрамы бойынша шешілмеген мәселелер бар.

Жеуге жарамды вакциналар теориялық тұрғыдан инъекцияға жақсы балама болып саналады. Олар арзан, қолдану үшін медициналық персонал мен жабдықты қажет етпейді, сонымен қатар тасымалдау және сақтау әлдеқайда оңай. Қазіргі уақытта жеуге жарамды вакцина жасау үшін темекі, картоп, қызанақ, банан, жүгері және бұршақ дақылдары сияқты өсімдіктерді қолдану қарастырылуда.

Алайда, қазіргі уақытта мұндай екпелер өндірілмейді және пайдаланылмайды. Негізгі себептердің бірі – дозаны реттеу мәселесі, өйткені ол әр партия мен өсімдікте бірдей болмауы мүмкін. Осыған байланысты адамдар вакцинаны тым көп немесе керісінше аз алуы мүмкін. Бұл аурудың өршуіне әкеледі.

Сонымен қатар кейбір өсімдіктер көбінесе шикі емес, өңделген күйде қолданылады. Ас пісіру вакцинаның мөлшерін азайтып, препараттың әсерін әлсіретуі мүмкін.

Демек, аэрозольді және жеуге жарамды вакциналар әзірлену сатысында, қазіргі уақытта олар халыққа қол жетімсіз. Ал адамдарды олардың келісімінсіз вакцинациялайды деген мәлімдеме – фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button