Фейк: «Збигнев Бжезинский президенттер глобалистердің қолындағы қуыршақтар екенін мойындады»
Әлеуметтік желілерде Збигнев Бжезинскийдің «Біз шахмат тақтасының екі жағында да ойнаймыз» деген дәйексөзі тарады. Бұл жекелеген елдердің президенттері белгілі бір глобалистерге бағынатын қуыршақтар екенін растайды. Ол осыны дәлелдейтін сөз тіркесін айтқан екен. Мұны қалай түсінуге болады? Түсіндіріп өтейік.
Збигнев Бжезинский – геосаясаттан бірнеше маңызды еңбек жазған америкалық профессор және саясаттанушы. Олардың бірі – 1997 жылы жарық көрген «Ұлы шахмат тақтасы: америкалық артықшылық және оның геостратегиялық императивтері» атты кітабы. Онда Бжезинский әлем мен саясатты шахмат ойынымен салыстырады.
Алайда, кітапта «Біз шахмат тақтасының екі жағында да ойнаймыз» деген сөз жоқ. Саясаттанушының онлайн-жинақтарында мұндай дәйексөз жоқ.
Орыс және ағылшын тілдерінде осы сөз тіркесін іздегенде де ештеңе табылған жоқ.
«Ұлы шахмат тақтасы» атты кітабында Бжезинский глобалистер туралы жазбайды және президенттерді қуыршақ деп атамайды. Ол Америка әлемдегі жалғыз жоғарғы держава болып қалуы керек, сондай-ақ Еуразияда қандай да бір қуатты және жетекші күштің пайда болуына жол бермеуге тиіс деген пікірін білдіреді.
Сондай-ақ ақпаратта глобалистердің нақты есімдері немесе тегі жазылмағанына назар аударған жөн. Олар бүкіл әлемді басқаруға және оған зиян келтіруге тырысатын белгілі бір құпия топ ретінде сипатталады. «Біз – олар» деп қарама-қарсы қойып салыстыру, сондай-ақ зор күшке ие белгілі бір құпия топ туралы әңгімелер – көптеген қастандық теорияларына тән қасиет.
Қорыта айтқанда, біріншіден, Збигнев Бжезинскийдің бір кездері «Біз шахмат тақтасының екі жағында да ойнаймыз» деп айтқанына ешқандай дәлел жоқ. Екіншіден, ол өзінің «Ұлы шахмат тақтасы: америкалық артықшылық және оның геостратегиялық императивтері» атты кітабында глобалистер туралы және президенттер олардың қолындағы қуыршақтар деп жазбаған. Үшіншіден, хабарлама мәтіні оқырманды нақты оқиғалар мен фактілерге емес, қастандық теорияларына бағыттайтындай етіп құрастырылған. Сондықтан бұл ақпаратқа сенбеген жөн.