Дәлелсіз: «Мектептерде суицидтер мен жаппай атыс психотроптық препараттарды қолданудан болады»
Желіде балалар суициді мен мектептердегі зорлық-зомбылық психиатрлар мен мектеп оқушыларына тағайындалған депрессияға қарсы препараттар себеп деген мәтін таралуда. Бұл рас па? Анықтайық.
Хабарламада бірнеше тезис келтірілген. Олардың ең маңыздыларын талдап шығайық.
1997 жылдан бастап АҚШ-та балалар суициді тақырыбы көтеріліп келеді. Онда мектеп оқушылары өз-өзіне қол жұмсау тенденциясы бойынша сынақтан өтеді. Оған бейімі бар деп саналатын балаларға психотроптық препараттар тағайындалады.
Бұл мәлімдеме – манипуляция және асырып айтылған. АҚШ-та мектеп оқушылары арасында суицидтің алдын алу бойынша бірқатар бағдарлама бар. Алайда, бұл жұмыс 1997 жылы белсенді түрде қолға алынды, бұған суицид мәселесін «көпіртіп жіберу емес», 1992-1998 жылдар аралығында мектеп оқушылары арасындағы суицид статистикасының 309%-ға өсуі себеп болды. Мектептердегі суицидтің алдын алу бағдарламалары аясында психологтар суицидке бейім балаларды анықтай алады, бірақ бұл жағдайда балаға ешқандай дәрі тағайындалмайды. Ол мектептен тыс салалық мамандарға кеңес алу үшін жіберіледі. Егер олар дәрі-дәрмек қолдану қажет деп тапса, ғана, оны тағайындайды.
Суицидке бейімділікке тестілеу мен психотроптық препараттарды тағайындағаннан кейін бір жыл өткен соң АҚШ-та мектептерде жаппай кісі өлтіру басталды
Бұл өтірік. АҚШ-та мектеп аумағындағы алғашқы атыс 1764 жылы 26 шілдеде, яғни антидепрессанттар шығарылғанға дейін тіркелді. Пенсильвания штатындағы қазіргі Гринкасл маңындағы мектепке төрт адам кіріп, алдымен мұғалімді, содан кейін әртүрлі мәліметтер бойынша тоғыз-он оқушыны атып өлтірген. 1853 жылғы 2 қарашада Кентукки штатында оқушы Мэттью Уорд мектепке келіп, мұғалім Батлер мырзаны тапаншамен атып өлтірген. Бұған мұғалімнің Уордтың ағасын шамадан тыс жазалауы себеп болған. Содан кейін мектеп аумағындағы атыс туралы екі-үш жылда бір рет хабарланып отырды. Мәселен, 1992-1993 жылдар аралығында мектептегі атыс салдарынан 55 адам қаза тапқан. 1993-1994 жылдары – 51. 1994-1995 және 1995-1996 жылдары, сәйкесінше, 20 және 35 өлім тіркелген. Яғни, АҚШ мектептеріндегі жаппай кісі өлтіру депрессияға қарсы дәрі-дәрмек пайда болғанға дейін басталған.
АҚШ-та суицидтің 75%-ы психотроптық препараттардың жанама әсерімен байланысты.
Бұл дәлелсіз. Ресми статистикаға сәйкес, суицид – АҚШ-та көлемі жағынан 12-ші өлім себебі. 2020 жылы 46 мыңға жуық америкалық өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұмдардың басым бөлігі орта жастағы ақ нәсілді ер адамдар. Олардың жартысынан көбі атыс қаруын қолданған. Ашық дереккөздерде олардың нешеуі депрессияға қарсы дәрмек қабылдағаны және препараттардың өмірден кету туралы шешімге әсер еткені жөнінде сенімді және өзекті ақпарат жоқ. Демек, жоғарыда келтірілген мәлімдемеде дәлелсіз.
Мектептерде кісі өлтіргендердің барлығы дерлік депрессияға қарсы дәрі қабылдаған
Бұл манипуляциялық мәлімдеме. Әрине, олардың арасында депрессияға қарсы дәрінің рецептілерін алғандар бар. Алайда, ол жай емес, олар агрессия мен зорлық-зомбылыққа бейім болғандықтан берілді. Яғни, ақпарат авторы себеп пен салдарды шатастырып отыр. Сонымен қатар депрессияға қарсы дәрі қабылдайтын адамдардың көбі ешкімді өлтірмейтінін ескеру қажет. 2020 жылы шамамен 37 миллион америкалыққа осындай препараттар алуға рецептілер берілген екен.
Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтері бойынша, 2005-2008 жылдары 12-18 жас аралығындағы балалардың 11%-ы депрессияға қарсы дәріні қолданған. Яғни, осы препараттарды қабыладйтын адамдардың саны мектептерде атыс ұйымдастыратындардың санынан әлдеқайда көп. Демек, дәрі ішу мен жаппай өлтіруге бейімділік арасында ешқандай байланыс жоқ екені анық.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, хабарламада келтірілген тезистер –манипуляция, асыра айтылған және өтірік. Мұндай теорияларға сенбеу керек.