Фейк: «Зерттеулер Pfizer вакцинасы ерлерде бедеулік тудыратынын көрсетті»
Instagram-да АҚШ-та Pfizer COVID-19 қарсы вакцинасының жанама әсерлері туралы деректерді жасырып, шенеуніктерге пара беруіне қатысты дау туралы видео тарады. Сондай-ақ роликте препараттың ер адамдарда бедеулік тудыратынын дәлелдейтін зерттеулер жайлы айтылады. Мұның бәрі өтірік.
Таралған ролик – бұл ресейлік телеарнаның жаңалықтар сюжетінен үзінді. Онда сарапшы ретінде Эми Келли сөз сөйлейді. Бірақ оның мұндай мәлімдемелер жасау және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін бағалайтындай біліктілігі жоқ.
Ашық ақпарат көздерінде Эми Келлидің бакалавр дәрежесі бар екені жазылған, бірақ оны ғылымның қай саласында және қай оқу орнында алғаны белгісіз.
Сондай-ақ желіде Эми Келли бұрын жалған ақпаратты ашық жариялап келген DailyClout порталымен белсенді жұмыс істейтіні туралы ақпарат бар. Сондай-ақ Желіде Эми Келлидің вакцинацияға қарсы танымал тұлға Наоми Вулфпен бірге сөйлеген сөздерін көруге болады.
Вакцинацияланған ер адамдар бедеулікке ұшырайды деген пікірдің ғылыми негізі жоқ. Эми Келли сөздерін дәлелдейтін зерттеу туралы айтады, бірақ оның тақырыбын да, авторларын да атамайды, сондықтан оны табу мүмкін емес.
Дегенмен, АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында осы тақырып бойынша ғылыми жұмыстар көп.
Мысалы, 2022 жылдың қазан айында 101 ер адам қатысқан зерттеу жарияланған. Олардың әрқайсысы вакцинацияға дейін және одан кейін ұрық сұйықтығының үлгілерін тапсырған. Нәтижелер жыныс жасушаларының сапасы мен санында ешқандай өзгерістер тіркелмегенін көрсетті.
2022 жылдың шілдесінде Израиль ғалымдары 33 донордан алынған генетикалық материал үлгілерін зерттеді. Үлгілер вакцинацияға дейін және одан кейін тапсырылған. Нәтижесінде ұрық сұйықтыңының сапасының нашарлауы анықталмаған.
Демек, таралған хабарлама расталған ғылыми мәліметтерге қайшы келеді.