Денсаулық сақтау министрлігі Ажар Ғиният келтірген COVID-19 жұқтыру бойынша статистикаға қатысты түсініктеме берді
Қазнетте ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сұхбатынан үзінді тарады. Ол соңғы төрт айда елімізде тоғыз жарым адам COVID-19 жұқтырған деп мәлімдейді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, видео контекстен үзіп алынған.
Келтірілген статистикалық мәліметтер контексттен үзіп алынғандықтан, оның мағынасы толықтай өзгерген.
“Әлеуметтік желілердегі видео Денсаулық сақтау министрі айтқан ақпараттың бастапқы мағынасын бұрмалау үшін қолданылуда. Сондықтан КВИ-мен сырқаттанушылық статистикасы келтірілген арандатушылық видеоны одан әрі таратпауларыңызды сұраймыз. Нақтырақ айтқанда, министр 9,5 мың адам туралы айтқан. 2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда 9086 КВИ+ жағдайы және 435 коронавирустық пневмония жағдайы тіркелді, жиынтығында бұл 9,5 мың науқасты құрайды. Министр эпидемиологиялық мониторингке, сырқаттанушылық статистикасына және науқастарды емдеуге байланысты барлық мәселелерді тұрақты бақылауында ұстайды”, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.