Фейк: «Норвегия адам құқықтары бойынша «қара тізімге» енді»
Instagram қолданушылары Норвегияның адам құқықтарын бұзғаны үшін «қара тізімге» енгені туралы видеоны талқылауда. Бұл елде жай бір себептермен балаларды отбасыларынан жаппай тартып алып жатыр екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Елдердің адам құқықтарының сақталуына негізделген рейтингін жүргізетін CIRIGHTS жобасының мәліметтері бойынша Норвегиямен қатар Жаңа Зеландия мен Португалия екінші орынды тұр. Бұл елдер 100-ден 92 ұпай жинады. Швеция мен Канада 96 ұпаймен бірінші орында. Екі ұпай жинаған Иран соңғы орында. Яғни, Норвегия адам құқықтары бойынша ешқандай «қара тізімге» кірмеген.
Одан әрі, таратылған видеода Норвегияда анасы дәмсіз омлет пісірсе, нанды үлкен тілімдерге тураса, баланы отбасынан тартып алады делінген. Сондай-ақ, анасының бойының төмен болуы, әкесінің аяғын жарақаттап алуына байланысты терезелерді жөндеп жуа алмауы және үйде қызметшінің болмауы да ата-ана құқығынан айыруға себеп бола алады екен. Аталған жағдайлардың барлығы mk.ru сайтында 2021 жылы жарияланған мақалада жазылған. Бұл ретте жарияланымның авторы дереккөздерге сілтеме жасамайды, сондықтан бұл деректердің шынайылығын тексеру мүмкін емес. Сонымен қатар, іздеу жүйелерінде ағылшын және норвег тілдерінде «балаларды тартып алу» «дәмсіз омлет», «бойының төмен болуы» және «Норвегия» сияқты кілт сөздермен қарағанда, ештеңе шықпайды.
Mk.ru сайтындағы мақалада балалардың бойына «христиандық құндылықтар» сіңіргені үшін олардан айырылып қалған Мариус пен Рут Боднариудың отбасы туралы айтылады. Бұл шындыққа жанаспайды. Шын мәнінде балаларды тартып алуға отбасындағы физикалық зорлық-зомбылық туралы хабарлар себеп болған. Кейіннен олардың өздері да балаларды ұрғанын мойындаған. Бұған қарамастан, сот Мариус пен Руттың ата-аналық құқығын қалпына келтіруге шешім қабылдап, балаларға отбасына оралды. (
Демек, мақалада келтірілген ақпаратқа күмәнмен қараған жөн.
Норвегияда балаларды отбасылардан тартып алу туралы шешімді арнайы мекеме – Барневарн қабылдайды. Ұйым шамадан тыс қатаңдық пен тиянақтылығы үшін сынға ұшырайды. Бірақ олардың аналары дәмсіз омлет қуырғаны үшін немесе бойы төмен болғандықтан балаларды отбасылардан тартып алатынына ешқандай дәлел жоқ.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, біріншіден, Норвегия адам құқықтары бойынша «қара тізімге» енбеген, екіншіден, ойдан шығарылған және ойға қонымсыз себептермен ата-аналарды құқықтарынан айыратынына ешқандай дәлел жоқ.