Манипуляция

Манипуляция: «32 жастағы дәрігердің өлімі вакциналардың қауіпті екенін дәлелдейді»

Әлеуметтік желілерде Ұлыбританияда қайтыс болған 32 жастағы дәрігер туралы жазылуда. Сот оның өліміне COVID-19-ға қарсы вакцинация себеп болғанын мойындаған екен. Алайда, бұл вакциналар барлығына қауіпті дегеннің белгісі емес. Неге екенін түсіндіріп өтейік.


32 жастағы Стивен Райтқа AstraZeneca препараты егілгеннен кейін 10-шы күні қайтыс болды. Бұл вакцинация науқаны басталғанда орын алған.
Сот-медициналық сараптама жүргізген дәрігердің шешімі бойынша, оның өліміне вакцинаға өте сирек реакция – ми бағанасының инфарктісі, миға қан кету және тромбоз себеп болған.
Сондай-ақ медициналық сарапшы бұл нәтижелер AstraZeneca вакцинасының қауіпті екенін білдірмейтінін атап өтті. Орын алған жағдай өте сирек кездеседі және оны болжау мүмкін емес.
Райтпен болған қайғылы оқиғаға қарап, барлық вакциналарды қауіпті деп санауға болмайды. Өйткені, осы препаратпен егілген одан басқа да адамдар бар. Онымен бірге вакцинаны оның әріптестері, бірінші қатардағы медицина қызметкерлері де алды. Райттан басқа ешкім қайтыс болған жоқ және ешқандай жанама әсерлер болған жоқ.
AstraZeneca вакцинасымен әлем бойынша миллиондаған адам егілді. Ең көп тіркелген жанама әсерлер инъекция орнындағы ауырсыну, қалтырау, бас ауруы және бұлшықет ауруы болды. Неғұрлым ауыр жанама әсерлер өте сирек кездесті.
Бұл вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ақпарат Желіде бар. 
Демек, вакцинация нәтижесінде жас дәрігердің қайтыс болуы жекелеген жағдай және вакциналардың жалпы қауіпті екенін дәлелдемейді. Бұл оқиға ағзаның препаратқа өте сирек реакцияның нәтижесінде орын алған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button