Талдау

Егер телефон жоғалса немесе ұрланса, бөгде адамдар мобильді банкингке кіре ала ма?

Қазіргі заманда смартфон жоғалтсаң, құнды заттыңнан айрылып қана қоймай, сонымен қатар маңызды ақпаратқа, соның ішінде банктердің мобильді қосымшаларына кіре алмай қалаыз. Телефонды тапқан немесе ұрлаған адамдар оларға кіре ала ма? Анықтайық.

Сөйтіп, смартфоныңызды таппай қалдыңыз. Біраз іздеген соң оның жақын маңда жоқ екеніне көз жеткізіп, оны жоғалтып алдым немесе біреу ұрлап кетті деген ой келеді.
Бірінші жағдайда, оны тәрбиелі біреу тауып алып, иесіне қайтарады деп үміттенесіз. Ол үшін смартфонды іздеу қызметтерін пайдалануға болады. Бұл ретте сізге немесе жақындарыңызға хабарласуға болатын резервтік нөмір құлыпталған экранға шығатындай хабарлама жіберіп көріңіз. Android жүйесіне негізделген смартфондарда Find my device қызметі, ал iPhone-дарда «локатор» функциясы бар.
Қырағылық танытып, шыққан нөмірге алаяқтар хабарласып, телефонның немесе AppleID, Google аккаунттардың құпия сөзін сұрауы мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Шынымен жоғалтқан нәрсеңізді қайтарғысы келетін адамдар, әдетте, қиын сұрақтар қоймайды және құпия сөздер мен кіру кодтарын сұрамайды.
Егер телефон табылмаса, ал нөміріңізге қоңырау шалғанда жауап бермесе, онда смартфонды ұрлап кетті деп пайымдауға болады.
Бұл ретте олар деректерге қол жеткізе алмауы үшін барлық қажетті қауіпсіздік шараларын барынша тез қабылдау қажет.

Бірінші: SIM картаны бұғаттаңыз
Егер алаяқтар онлайн-банкингке кірсе, жинақтарыңызды өз атына аудармақ болса, бұғатталған нөмірге растау кодтары бар SMS-хабарламалар келмейді. Картаны бұғаттау үшін ұялы байланыс операторының байланыс орталығына хабарласу керек немесе провайдердің веб-сайтындағы жеке кабинетке кіріңіз.

Екінші: телефоныңызды ұрлап кеткендігі туралы банк қызметкерлеріне хабарлаңыз
Банктің байланыс орталығына барынша тез хабарласып, мобильді банкинг орнатылған телефонның ұрланғаны туралы хабарлаңыз. Банк операторы сіздің іс-әрекеттеріңізді үйлестіреді және алаяқтардың банкингке кіруіне жол бермеу үшін карточкалық шотыңызды уақытша бұғаттайды.

Үшінші: ұрлық туралы жақындарыңызға хабарлаңыз
Есіңізде болсын, алаяқтар сіздің атыңыздан жақындарыңызға «қарыз сұрап» хабарласуы немесе хабарлама жіберуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін оларға смартфонның ұрланғанын ескертіңіз. 
Мобильді банкингке рұқсатсыз кіруге байланысты тәуекелдерді телефон жоғалмай тұрып болдырмауға болады. Ол үшін қолданыстағы қауіпсіздік шараларын сақтау қажет.

1. SIM картаға құпия сөз орнатыңыз
Алаяқтар бұғаттаған телефонның SIM карталарын алып, қажетті ақпаратқа қол жеткізген жағдайлар болған. Оның алдын алу үшін картаны жаңа құрылғыға салған сайын енгізілетін PIN код орнатыңыз.
2. Телефонға құпия сөз орнатыңыз
Сандық парольден басқа, саусақтың ізін немесе бетті тану жүйелерін де қолданған жөн. Бұл қылмыскерлерге тосқауыл бомласа да, олар міндетті түрде кідіріп қалады, ал бұл сізге тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға бірер уақыт береді.
3. Телефонда картаның фотосуреттері мен құжаттарын сақтамаңыз
Алаяқтар бұл фотосуреттерді сіздің атыңызға микрокредит алу үшін пайдалануы мүмкін. Мұндай жағдайлар Ресейде орын алған.

Демек, жоғарыда айтылғандардың негізінде банк қосымшасы жүктелген телефонның жоғалуы, жағымсыз болса да, қайғылы жағдай емес. Қарапайым әрі түсінікті сақтық шараларын сақтай отырып, өзіңізді және жинаған ақшаңызды толықтай қорғай аласыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button