Манипуляция

Фейк: «Жаңа зерттеу COVID-19 қарсы вакциналар иммунитетті түсіреді және бұл ұрпақтарға берілетінін дәлелдейді»

Қазақстандықтар мРНҚ вакциналары мен липидті нанобөлшектердің иммундық реакцияларға әсері туралы айтылған зерттеуді талқылауда. Онда мұндай платформада жасалған вакциналар табиғи иммунитетті әлсіретіп, оны осал етеді және бұл қасиеттер егілгендердің ұрпақтарына беріледі делінген. Бұл рас па? Анықтайық.

Мұндай зерттеу бар. Оның предпринті 2022 жылдың 20 тамызында жарияланды, ал 2 қыркүйекте жұмыс рецензияланды.

Алайда, онда Желі қолданушылары жазған нәрсе жоқ. Олардың тұжырымдары дұрыс емес және манипулятивті. Неге екенін түсіндірейік.

  1. Вакцинаны егу табиғи иммунитетті төмендетеді.

Бұл шындыққа жанаспайды. Зерттеу аясында ғалымдар тышқандарға тәжірибе жүргізді. Оларға COVID-19 қарсы вакцинасы емес, жасыл флуоресцентті ақуызды немесе бос липидті нанобөлшектерді кодтайтын липидті нанобөлшектері бар мРНҚ егілді. Екі аптадан кейін осы тышқандарға тұмау гемагглютининін және липидті нанобөлшектерді кодтайтын мРНҚ салынды.

Тәжірибе көрсеткендей, бұған дейін липидті нанобөлшектер егілген тышқандарда тұмау гемагглютиніне иммундық жауап азайған. Алайда, авторлар бұл әсерді адъюванттардың көмегімен де төмендетуге болатынын атап өтті. Айта кетейік, COVID-19 қарсы барлық вакциналарда адъюванттар болады, сондай-ақ адамдар екпе салдырмас бұрын бос липидті нанобөлшектермен егілмейді.

  1. Вакцинацияланған адамдар вирустық және саңырауқұлақ ауруларына әлдеқайда бейім.

Зерттеуде мұндай ештеңе айтылмаған. Бұл бөлімде сипатталған тәжірибеде мынаған негізделген: тышқандарға тұмаудың сублетальды дозасы әдейі жұқтырылды. Бұл ретте тышқандарға бір бөлігіне липидті нанобөлшектермен мРНҚ инъекциясы салынды, бір бөлігіне салынған жоқ. Нәтижесінде тышқандардың вакцинацияланған бөлігі вирусқа төзімділік танытты және алдын ала инъекция салынбаған кеміргіштерге қарағанда жеңіл ауырды. Candida albicans саңырауқұлағын жұқтырған кезде нәтижелер керісінше болды: егілген тышқандар әлдеқайда сезімтал болды және ауыр ауырды. Алайда, егілген адамдармен де осылай болады деп айта алмаймыз. Біріншіден, адамдарға мұндай тәжірибелер жүргізілген жоқ, екіншіден, сипатталған тәжірибеде COVID-19 қарсы вакциналар мүлдем қолданылмаған.

  1. Вакцинадан әлсіреген иммунитет егілген адамдардың ұрпағына беріледі және фертильділікке әсер етеді

Бұл тұжырым да дұрыс емес. Зерттеу жүргізген ғалымдар иммунитеттің белгілі бір қасиеттерінің вакцинацияланған ата-аналардан балаларға берілу мүмкіндігін зерттеді. Олар инъекция салынған тышқандардың тұмау вирусына төзімділігін қарастырды. Осылайша, тәжірибеге қатысқан кеміргіштердің төлдері төрт топқа бөлінді. Біріншісіне аталығы мен аналығына липидті нанобөлшектермен тұмау гемагглютининін кодтайтын мРНҚ салынған тышқанда, екінші топқа аналық тышқанға инъекция салынған тышқандар енді.

Үшінші топта аталық тышқандары егілген тышқандар болды. Егілмеген тышқандардың төлі төртінші топқа жатқызылды. Бірінші топтағы тышқандар төлі тұмауға аса төзімді болды. Екінші және үшінші топтардағы тышқандар – ішінара тұрақты болды. Аталығы мен аналығы егілмеген тышқандардың төлінде мұндай тұрақтылық болған жоқ. Бұл ретте, бірінші топтағы жетілген тышқандардың төлдері де тұмауға бейім болмады, ал басқа топтардағы тышқандардың төлдері вирусқа осал болды. 

Яғни, ғалымдардың қорытындысы бойынша, вакцинацияланған ата-аналардың балалары төмен иммунитетпен туылмайды, егілген ата-аналардың инфекцияға төзімділігі балаларға берілуі мүмкін.

Зерттеуде фертильділік және оған қандай да бір вакциналардың әсері туралы мүлдем айтылмаған.

Осылайша, Желіде тараған хабарламалар нақты зерттеуді бұрмалайды және еңбекте сипатталған тәжірибелерге қайшы келетін қорытынды жасайды. Бұл хабарламаға сенудің қажеті жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button