COVID-19 науқастарын бақылауға арналған қосымшалардан қауіптену керек пе?
Әлеуметтік желілерде вирус тасымалдаушымен байланысқаныңызы анықтайтын арнайы қосымшалардан аулақ болуды ескертулерді жиі кездестіруге болады. Мұндай үндеулердің авторлары бұл бағдарламалардың осалдығына, жеке деректерді иемдену қаупіне, сондай-ақ осы әдістің тиімсіздігін желеу етеді. Бұлай алаңдауға негіз бар ма? Біз бұл мәселені зерттеп көрдік.
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде COVID-19 індетімен күрес стратегиясы үш қарапайым іс-қимылға сүйенеді: тестілеу, анықтау, оқшаулау. Тестілеумен және оқшаулаумен бәрі түсінікті, ал коронавирус жұқтырған тасымалдаушыларды анықтаудың бірнеше жолы бар.
Мысалы, Францияда инфекция ошақтарын тексерумен және байланыста болған адамдарды анықтаумен жеке қызмет айналысады. Індет кезінде бұл топтар миллионға жуық адамды тексерген. Алынған мәліметтер бойынша бес жағдайдың тек біреуінде ғана вирусты жұқтыру дерегі тіркеледі.
Коронавирустың бірінші толқыны басталғанда әлемнің бірнеше елінде ауруды жұқтыру жағдайларын бақылауға арналған қосымшалар әзірленді. Олардың скептиктер айтып жүрген 5G бағаналарына және тері астына енгізілетін чиптерге еш қатысы жоқ,
Бельгиялық Сoronalert, британиялық NHC COVID-19, француз StopCovid және неміс Corona Warning App жұмысының мәні қарапайым – қосымша пайдаланушылар арасындағы кездесулерді тіркейді, анонимді және шифрленген идентификаторлармен бөліседі. Бұл ретте ешқандай жеке мәліметтер таратылмайды, деп жазады RTL
Тұрғындардың бұл қосымшаларды елемейтіні туралы хабарлар да шындыққа жанаспайды. Британиялық бақылау қосымшасы іске қосылғаннан кейін төрт күннің ішінде 12,4 миллион рет жүктелген, деп хабарлайды Le Monde басылымы.
Еуропада жасалған қосымшаларды көрші мемлекеттердің тұрғындары да пайдалана алады. Ауру жұқтыруды бақылайтын жеке бағдарламалары жоқ елдер үшін Apple және Google ақпараттық алпауыттары жалпыға қолжетімді нұсқалар әзірледі. Олар фондық режимде жаңартуларға енгізілді. Бірақ оны пайдаланасыз ба, жоқ па, өзіңіз шешесіз.
– Індетті жұқтыру қаупі туралы хабарландыру жүйесін пайдалануға келіскеннен кейін телефоныңызда кездейсоқ идентификаторлар пайда болады. Олар әр 10-20 минут сайын өзгеріп отырады. Бұл телефонды бақылауды болдырмауға септігін тигізеді.
Телефоныңыз фондық режимде Bluetooth арқылы Індетті жұқтыру қаупі туралы хабарламалар іске қосылған жақын орналасқан телефондармен ұқсас кездейсоқ идентификаторлармен алмасады. Жақын жерде орналасқан барлық құрылғылардың кездейсоқ идентификаторлары телефоныңызда сақталады.
Егер біреу қосымшасында COVID-19 коронавирустық инфекциясын талдаудың оң нәтижесі туралы хабарласа және сол пайдаланушы құрылғысының идентификаторы телефоныңыздан табылса, сізге хабарлама келіп түседі», – деп түсіндіреді Google ресми сайты.
Бұл ретте сіздің дербес деректеріңіз Google-ге де, Apple-ге де, мемлекеттік органдарға да, үшінші тұлғаларға да қолжетімсіз болады.
Бұл технологияның тиімділігі халықтың қай бөлігі арнайы қосымшаны белсенді пайдаланатындығына тікелей байланысты. Мысалы, Швейцарияда жергілікті қосымша 2,3 миллион рет жүктелген және қыркүйек айының басынан бастап күн сайын орта есеппен вирус тасымалдаушының жақындағаны туралы 56 код анықталады.
Бұл мобильді бағдарламалардың алғашқы нұсқаларында, соның ішінде жеке мәліметтерді қорғау жағынан кемшіліктер болды, бірақ уақыт өте келе мамандар олардың қауіпсіздігін жетілдіріп, функционалды бөлігін арттырды. Енді осындай көптеген бағдарламаларда коронавирустық инфекцияға тапсырылған тест нәтижелерін жүктеу, вирус тасымалдаушыға жолыққан жағдайда одан әрі әрекет ету туралы ақпарат ұсынылады, тіпті дәрігерден кеңес алу мүмкіндігі де қарастрылған. Індеттің таралуының бірінші толқыны кезінде адамдардың қозғалысын бақылау идеясы үлкен сынға ұшыраса, екінші толқын кезінде Еуропаның көптеген елдерінде мобильді хабарламалар бағдарламасын пайдалануға сұраныс күрт өсіп отыр.