Фейк: «Moderna-ның бас директоры компанияның пандемия басталғанға дейін COVID-19 қарсы вакциналар әзірлегенін мойындады»
Telegram-да Moderna-ның бас дикторы Стефан Бансель Дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде оның компаниясы пандемия басталғанға дейін COVID-19 қарсы вакцинаның 100 мың дозасын шығарғанын мәлімдеді деген ақпарат тарады. Бұл рас па? Бансель не жайлы айтты? Анықтайық.
Бұл жазба – Бансель 2023 жылдың 18 қаңтарында Дүниежүзілік экономикалық форумның «Пандемия жағдайы» деп аталатын панельдік сессиясында сөйлеген сөзі.
Шара барысында журналист Саша Вакулина Стефан Бансельге вакцина шығару туралы сұрақ қойды, оған ол былай деп жауап берді:
«Сонымен, 2020 жылмен салыстырғанда биыл қандай жағдайда екенімізге қатысты жақсы жаңалық – бізде өндіріс орындары бар… Пандемия болған кезде, Moderna 2019 жылы 100 000 доза шығарды. Мен өндіріс орнына барып: «Келесі жылы миллиардтық доза шығаруға қалай қарайсыздар?» деп айтқаным есімде. Олар маған күлімсірей қарап: «Не?» деп сұрады. Мен: «Иә, келесі жылы миллиард доза жасауымыз керек, пандемия болады» деп айттым».
Яғни, Бансель COVID-19-ға қарсы иммундау препараттары туралы емес, жалпы компания шығаратын вакциналар туралы айтқан. Пандемия басталғанға дейін Moderna тұмауға қарсы мРНҚ вакциналарын және адам метапневмовирусына (hmpv вирусы), сондай-ақ паратұмауға қарсы поливалентті вакцина шығарған. Бансель мен тілшінің арасындағы әңгімеде нақ осы жайлы айтылды.
Адамзат COVID-19 ауруы туралы 2019 жылдың соңында білді. Сол жылы 12 желтоқсанда инфекцияның алғашқы жағдайлары тіркелді. Бір ай өткен соң 2020 жылдың 13 қаңтарында Қытайдан тыс жерлерде ауру жұқтырудың алғашқы жағдайлары анықталды, ал ДДҰ мамандарының назары жаңа ауруды зерттеуге және зерделеуге аударылды.
Яғни, 2019 жылдың соңы мен 2020 жылдың басында Стефан Бансель пандемияның өршуі мүмкін және компанияның өндірістік қуатын күрт арттыру қажет болады деп пайымдауы таңқаларлық жайт емес.
Демек, таралған ақпарат – фейк. Moderna-ның бас директоры компания пандемия басталғанға дейін COVID-19 қарсы вакциналар шығарды деп мәлімдеген жоқ Ол тұмауға, метапневмовирусқа және паратұмауға қарсы басқа вакциналардың 100 мың дозасын шығару туралы айтқан.