Фейк: «Pfizer есептерінде жүктілік кезінде егілген әйелдердің 80%-ы балаларын жоғалтқаны көрсетілген»
Әлеуметтік желілерде жүктілік кезінде вакцина алу баланың өліміне немесе түсік тастауға әкеледі деген ақпарат тарады. Дереккөзі – Pfizer компаниясының есебі. Бұл шындыққа жанаспайды.
Мұндай хабарламалар желінің ағылшын тіліндегі сегментінде 2022 жылдың маусымында тарала бастады. Ол кезде Pfizer компаниясының мамандары әзірлеген «2021 жылғы 28 ақпанға дейін алынған 5.3.6 PF-07302048 (BNT162b2) жағымсыз құбылыстар туралы тіркеуден кейінгі хабарламаларды жиынтық талдау» деп аталатын құжат жарияланған болатын.
Вакцинацияға қарсы адамдар ондағы ақпаратты бұрмалап, келтірілген мәліметтерге сәйкес, вакцинацияланған аналардан туған нәрестелер жаппай өлген деп мәлімдеді.
Шындығында, құжатта ондай ақпарат жоқ. Есепте көрсетілген кезеңде егілген жүкті әйелдердің жалпы саны жазылмаған. Сондықтан болашақ аналар арасындағы жағымсыз құбылыстардың жалпы жиілігін анықтау мүмкін емес.
«Жазылмаған негізгі контекст – жүктілік кезінде вакцина алған, бірақ бұл туралы айтпаған ондаған мың адам», — деді Лондон Императорлық колледжінің репродуктивті иммунология бойынша оқытушысы доктор Виктория Мале Associated Press порталының тілшісіне.
Сонымен қатар сарапшылар құжатта көрсетілген вакцинадан болған жағымсыз реакциялардың барлығы ашық онлайн жүйелерден алынғанына, яғни біржақты екеніне назар аударады. Олардың кейбіреулерінің вакцинацияға қатысы болмауы мүмкін.
COVID-19 қарсы вакциналардың жүкті әйелдерге немесе нәрестелерге зиян тигізуі мүмкін екендігіне ғылыми дәлелдер жоқ. Керісінше, рецензияланған ғылыми зерттеулер жүктілік кезіндегі вакцинация жаңа туған нәрестелерде COVID-19-ға иммунитет қалыптастыруға ықпал ететінін көрсетеді.
Вакцинацияланған аналардың 80%-ында балалар тумай жатып немесе туғаннан кейін қайтыс болды деген ақпаратты Reuters порталының фактчекерлері де жоққа шығарды.
Қорыта айтқанда, таралған ақпарат – ресми есепті бұрмалауға негізделген өтірік пен манипуляция.