Фейк: «Вакциналардан зардап шеккен жүрек ауруы бар ұшқыштарға ұшақты басқаруға рұқсат етілді»
Әлеуметтік желілерде АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы ұшқыштар үшін рұқсат етілген ЭКГ көрсеткіштерін кеңейтті деп жазылды. Енді ұшақты ауру адамдар басқара алады, себебі COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация нәтижесінде жүрегі сау ұшқыштар қалмаған екен. Мұның бәрі өтірік.
Мұндай хабарламалар Интернеттің ағылшын тіліндегі сегментінде 2023 жылдың қаңтарында жарияланды. Фактчекерлер оларды бірден жоққа шығарды.
Associated Press порталының тілшілері пікір алу үшін тікелей Азаматтық авиация басқармасына жүгінген. Ондағылар аталған нормалар 2022 жылдың қазан айында өзгертілгенін айтты. Атап айтқанда, бұл жүректің атриовентрикулярлық блокадасын анықтау кезіндегі ЭКГ көрсеткіштерін кеңейтуге қатысты. Жүректің АВ-блокадасы – бұл жүрек бұлшықетінің жиырылуының бұзылуы. Оның ауырлық дәрежесі әртүрлі болуы мүмкін. Бірінші, ең жеңіл АВ блокадасы бар адамдар бұған дейін де ұшқыш бола алған. Алайда олар қосымша анықтамалар мен дәрігерлерден кеңес алуға тиіседі. Енді аурудың басқа белгілері болмаса және олар тек ЭКГ-да ғана байқалса, бұл қажет емес.
«Сау жүректегі бірінші дәрежелі АВ-блокадасы – әдетте қатерсіз жағдай және белгілері сирек болады», – деді кардиохирург және Йель университетінің доценті доктор Роланд Асси. «Жалпы, бұл дәрігердің толық бағалауынан басқа арнайы емдеуді қажет етпейді».
Сан-Диегодағы Калифорния университетінің кардиологы және медицина профессоры, доктор Эрик Адлер бұл жағдай адамдарда сирек болмайтынын атап өтті.
«Егер блок 300 миллисекундтан аз уақытқа созылса, онда одан әрі терапия жүргізу қажет емес, сонымен қатар қауіп-қатер жоқ және дене функциясы бұзылмаған», – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ PolitiFact порталы АҚШ-тың Федералды авиация басқармасының ережелеріндегі өзгерістер вакциналармен байланысты екені туралы теорияны жоққа шығарды. Сайттағы мақалада жаңашылдықтар тек кардиологтардың ұсыныстарына ғана негізделген және COVID-19 қарсы вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ делінген.
Демек, таралған хабарлама – фейк және манипуляция.