Fake News

Фейк: «ДДСҰ ресми сайтында адамдарды «табын» деп атайды

Әлеуметтік желілерде ДДСҰ-ның ресми сайтында адамдарды «табын» деп атайтыны туралы хабарлама тарады. Пайдаланушылардың бірі онлайн-платформада «ұжымдық иммунитет» дегенді білдіретін Herd immunity тіркесін көіп, осындай қорытынды жасаған. Бұл сөздердің этимологиясын және оны неге қорлау деп санауға болмайтынын түсіндіріп өтейік.

Herd Immunity термині Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми порталында кездеседі. Пайдаланушыларды сөз тіркесіндегі Herd сөзі шатастырған. Ол бірінші мағынасында ағылшын тілінен аударғанда «табын» деген мағынаны береді.
Алайда, ағылшын тілінде бір сөз бірден бірнеше ұғымды білдіруі мүмкін екенін ескергеніміз жөн. Мәселен, Herd сөзінің бірнеше мағынасы бар. Біріншісі, «табын». Екінші мағынасы – «қауымдастық» немесе «тобыр». Үшіншісі, «топқа жиналу» деген етістік.
Herd сөзі этимологиясы жағынан ескі ағылшын тілінен шыққан «табын» зат есіміне немесе «қамқорлық, бағып-қағу» етістігіне ұқсайды. Сондай-ақ, ғалымдардың пікірінше, қазіргі Herd сөзі протогермандық *herdo сөзінен шыққан. Бұдан бөлек, санскрит тілінен аударғанда «табын, отряд» деген мағынаны білдіретін śárdhah сөзінің қазіргі Herd ағылшын терминімен байланысты екенін көрсететін дереккөздер бар. Бұл сөз жануарлар тобына, оның ішінде жабайы жануарларға қатысты 1200 жылдары, ал адамдарға қатысты 1400 жылдары қолданыла бастады.
Herd Immunity термині, яғни «ұжымдық иммунитет» сөзі 1923 жылы Манчестер университетінің зерттеушілерімен ұсынылған. Олар тәжірибе барысында тышқандардың бәрін иммундамай, тәжірибеге қатысқандардың барлығын инфекциядан қорғаудың жолдарын анықтады.
Бұл терминнің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ешқандай қатысы жоқ. Өйткені ұйым сөз тіркесі ғалымдар мен дәрігерлердің лексиконына енгізілгеннен кейін 25 жыл өткен соң 1948 жылы құрылған. 
Демек, Herd Immunity тіркесін қорлау деп санап, оны «табындық иммунитет» деп түсіну дұрыс емес. Herd сөзінің бірнеше мағынасы бар, соның бірі «қауымдастық». Ғалымдар бұл терминді ДДСҰ құрылғанға дейін 1923 жылы ұсынған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button