Манипуляция

Манипуляция: «ДЭФ кеңесшісі адамдар компьютерлік ойындармен және есірткімен айналысуы керек деп мәлімдеді»

Telegram чаттарда Дүниежүзілік экономикалық форумның жетекші кеңесшісі Юваль Ной Харари адамдарды есірткімен және компьютерлік ойындарымен айналысуға шақырғаны туралы жазылды. Бұл рас па? Анықтайық.

Юваль Ной Харари – тарихшы, жазушы және футурист. Ол «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» және «ХХІ ғасырға арналған 21 сабақ» сияқты бірнеше әлемдік бестселлердің авторы.
Оның Дүниежүзілік экономикалық форуммен ынтымақтастық орнатып, адамзаттың жаһандық даму трендтеріне қатысты әртүрлі тақырыптарда сөз сөйлейтіні рас. 
Оның «есірткі мен компьютерлік ойындар» туралы сөзін Желіден көруге болады. 2017 жылы Юваль Ной Харари бұл жайлы «Пайдасыз класстың пайда болуы» атты мақаласында жазған. 
Ғалым адамдарды күштеп адастыруға шақырған жоқ. Ол есірткі мен ойындар туралы айта келе, жасанды интеллектінің дамуы бірқатар мамандықтың жойылуына әкеледі дейді. Мысалы, аспаздар, даяшылар, кассирлер, бухгалтерлер және басқа да осындай кәсіптердің өкілдерін роботтар алмастыруы мүмкін. Хараридің пікірінше, бұл экономикалық тұрғыдан «пайдасыз» адамдар классының қалыптасуына әкеледі.
«Алдағы технологиялық серпіліс адамдарды тамақтандыруға және олардың тарапынан күш салынбаса да, қолдауға мүмкіндік береді. Ал олардың қолы бос емес әрі жағдайлары қанағаттанарлық болса, не болады? Бұл сұрақтың жауаптарының бірі – есірткі мен компьютерлік ойындар. Артық адамдар көңілсіз шынайылыққа қарағанда виртуалды шындықтың үш өлшемді әлемінде көбірек уақыт өткізеді, бұл оларға әлдеқайда көп қуаныш пен эмоция береді», – деп жазды Юваль Ной Харари.
Сонымен қатар ол оқиғалардың осылай өрбуі адам өмірінің қасиеттілігі мен бірегейлігіне деген сенімге әсер ететінін атап өтті.
Кейінгі сұхбаттарда да ол осы ойын алға тартады. Бірақ тарихшы әр жолы бұл мәлімдеме де, ұсыныс та емес, тек болжам ғана деп ескерткен.
Яғни, Юваль Ной Харари «Адамдар есірткімен және компьютерлік ойындармен айналысуы керек» деп мәлімдемеген. Ол болашақта жұмыссыз және ауқатты адамдарға зерігіп кетпеу үшін есірткі мен компьютерлік ойындар қажет болуы мүмкін деген теорияны алға тартқан. Сондай-ақ ғалым оқиғалардың осылай өрбігені дұрыс еместігін және адамдарды әдейі адастыруға шақырып жатпағанын, бұл тек оның болжамы ғана екенін атап өтті.
Демек, таралған ақпарат – манипуляция. Юваль Ноа Хараридің сөздері контекстен үзіп алынған және оның болжамы әрекет етуге үндеу ретінде ұсынылған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button