Фейк: «Америкалық нейрохирург вакциналардың мидың зақымдануына және онкологияға әкелетінін дәлелдеді»
Instagram-да COVID-19 қарсы вакциналар миды зақымдап, қатерлі ісік ауруын тудырады деп мәлімдеген америкалық нейрохирург туралы хабарлама таратылуда. Оның теориясын талдап, неге шындыққа жанаспайтынын түсіндірейік.
Нейрохирург Рассел Блейлок – 1980 жылдардың соңында қастандық теорияларын тарата бастаған белгілі конспиролог. Ол КСРО-да АИТВ және гепатит вирустары, сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін қоздырғыштар мен тұрақты туберкулез қолдан жасалды деп мәлімдеген. Осыдан кейін Кеңес ғалымдары АҚШ-ты басып алып, сол жерде социалистік революция жасау үшін барлық ауруларды америкалықтарға жұқтырды деп пайымдалды.
Сондай-ақ Блейлоктің химтрейлдер– ұшақтардан у шашу теориясын және бірнеше рет жоққа шығарылған вакциналардың аутизммен байланысы туралы теорияны жақтайтыны белгілі.
Енді оның COVID-19 қарсы вакциналар миды зақымдайды және қатерлі ісіктің дамуына әкеледі деген сөзін талдайық. Блейлоктің айтуынша, бұл мРНҚ препараттары денені SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуыздарын өндіруге мәжбүрлейді, олар ішкі органдарға еніп, олардың жұмысының бұзылуына әкеледі.
Шындығында, бұл олай емес.
Спайк ақуыз – бұл SARS-CoV-2 коронавирусының бетіне шығатын «тікенек». Бұл вирустың дене жасушаларына енуіне және сол жерде көбеюіне мүмкіндік беретін өзіндік «кілт».
МРНҚ негізінде жасалған COVID-19 қарсы вакциналар денені осы спайк ақуызын өндіруге және оны жасуша бетіне шығаруға итермелейді. Соның арқасында иммундық жүйе бөтен ақуызды таниды және оған антиденелер қалыптастырады. Одан әрі, егер нақты SARS-CoV-2 коронавирусы ағзаға енсе, қалыптасқан антиденелер оған шабуыл жасап, патогеннің ағзада көбеюіне және аурудың ауыр ағымына жол бермейді.
SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуызы өкпе мен миға еніп, оларды зақымдауы мүмкін екенін дәлелдейтін зерттеулер бар. Алайда, зерттеулерде вакцинация туралы емес, вирусты жұқтыру жайлы айтылады. Айырмашылық мынада, ауру жұқтырған жағдайда спайк ақуызы, вирус сияқты, бүкіл денеге таралады және белсенді түрде көбейеді. Ал, вакцинация кезінде спайк ақуызы тек екпе жасалған аумақта және оның жанындағы лимфа түйініне жақын орналасқан жасушаларды қалыптастырады. Олар өндірген ақуыз ағзада таралмайды, бірақ жасуша бетіне жабысып қалады. Осылайша, ол ішкі ағзаларға ене алмайды.
Бұған дейін Рассел Блейлок осы спайк ақуызы қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін дейді. Бұған ешқандай дәлел жоқ. Қатерлі ісіктер ұзақ уақыт бойы дамиды. Әдетте, ісік пайда болып, оны анықтағанға дейін шамамен он жыл өтеді. 2019 жылдың желтоқсанында SARS-CoV-2 вирусы табылғаннан бері небәрі үш жыл өткендіктен, оның спайк ақуызының қатерлі ісікпен байланысы туралы сеніммен айту мүмкін емес.
Мұның бәрі Рассел Блейлоктің сөздері негізсіз және ғылымға қарсы екенін дәлелдейді. COVID-19 қарсы вакциналар мидың зақымдалуына және қатерлі ісіктің дамуына әкелмейді.