Жалған: «Жасыл» энергияның пайдасынан гөрі зияны көп»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар «жасыл» энергияның пайдасынан гөрі зияны көп деп жазуда. Жағдайды талдап, бұл тұжырымның неге дұрыс емес екенін түсіндірейік.
Алдымен терминологияға тоқталайық. «Жасыл» энергетика – бұл жаңартылатын көздерге – жел, су және күнге негізделген энергетика.
Оларға ауысуға негізгі екі себеп бар. Біріншісі: пайдалы қазбалар ерте ме, кеш пе таусылады және адамзат жаңа энергия көздерін игеруі керек. Екіншісі – көмір, газ және мұнайды жағу атмосфераға парниктік газдардың көптеп шығарылуына әкеледі, бұл жаһандық жылынуға ықпал етеді. Су, жел және күнді пайдаланудан зиянды шығарындылар болмайды.
Сондай-ақ көмір, мұнай және газ өндіру қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететінін түсінуіміз керек. Ұңғымаларды бұрғылау қаншама жануардың табиғи ортасын бұзады, ал теңіздер мен мұхиттарға мұнайдың төгілуі салдарынан мыңдаған теңіз мекендеушілері жойылады.
Жаңартылатын энергия көздеріне көшу арқылы мұның бәрін болдырмауға болады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметі бойынша, 2022 жылы бүкіл әлемде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үлесі 10%-ға өседі және бұл атмосфераға СО2 шығарындыларының төмендеуіне әкеледі.
Парниктік газдар шығарындыларының төмендеуі және энергия көздерінің жаңаруы «жасыл» энергетиканың артықшылықтары екені сөзсіз. Алайда оның кемшіліктері де бар. Атап айтқанда, күн панельдері мен жел диірмендеріне арналған кейбір жабдықтарды қайта өңдеу қиын; жел мен күн сәулесі сияқты ресурстар сенімсіз және т.б.. Бірақ бұл мәселелердің бәрін шешуге болады. Қазірдің өзінде қайта өңдеуге жіберуге болатын күн панельдері жасалуда. Сондай-ақ бүгінгі күні энергияны қажет уақытта пайдалану үшін оны жинап, сақтауға мүмкіндік беретін жобалар бар.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, «жасыл» энергияға көшудің артықшылығы кемшіліктерге қарағанда көп деуге болады. Сонымен қатар бүгінде болашақта осы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретін технологиялар әзірленіп жатыр.