Екібастұз полициясы қалада пәтерлерді тонау туралы қауесетке қатысты пікірін білдірді
Әлеуметтік желілерде Екібастұзда уақытша қараусыз қалған пәтерлерге ұрылар түсіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Қалалық полиция басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
27 қарашада түнде Екібастұз ЖЭО-да болған ірі апат салдарынан кейбір үйлер әлі де болса сусыз және жылусыз қалуда. Осыған байланысты адамдар үйлерін тастап, туыстарына, таныстарына баруға мәжбүр болды. Әлеуметтік желілерде бос қалған пәтерлерді тонап жатқаны туралы қауесет тарады.
Қалалық полиция басқармасы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
– Қазіргі кезде Екібастұз полиция басқармасының 250 қызметкері жұмылдырылды. Сондай-ақ павлодарлық департаменттен 30 қызметкер және алты автомобиль патрулі жіберілді. Олар жылу мен жарықсыз қалған көпқабатты үйлерде пәтерлерді тонауға жол бермеу үшін 5-ші, 5-ші А және 6-шы шағын аудандарда жұмыс істеп жатыр», – деді Екібастұз полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шакарғалиев.
Баршаңызды әлеуметтік желілердегі арандатушылыққа бой алдырмауға және тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз.