ҚР Президентінің баспасөз хатшысы ақпараттық шабуыл туралы хабарлады
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында әлеуметтік желілерде Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын хабарлады. Ол Президенттің және оның жақындарының шетелдік банктердегі шоттары туралы желідегі қауесеттерді жоққа шығарды.
Берік Уәлидің хабарлауынша, БАҚ-та Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі швейцариялық банктегі шоттар туралы мақалалар жарияланды. Бұл жалған.
– Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатқандай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың швейцариялық банкте қаржылық шоты жоқ. Сондай-ақ Президенттің шетелдік банктер мен офшорлық компанияларға да ешқандай қатысы болмаған және шетелде жылжымайтын мүлкі де жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұрынғы жұбайының да мақалада жазылғандай ешқашан қаржылық шоты болмаған. Тимур Тоқаевқа келетін болсақ, жасы 38-де. Ол – кәсіпкер, ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген. Президент экономика мен саясаттағы монополияны шектеуге, реформаларды жүзеге асыруға күш салып келеді. Бұл Мемлекет басшысының осындай шешімдерін жақтамайтын адамдардың әдейі таратып жатқан фейк ақпараттық шабуылы деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.