Манипуляция: «Джо Байден екінші пандемия болатынын айтты»
Желіде пайдаланушылар АҚШ президентінің екінші пандемияның басталуы жоспарланғаны туралы жариялағаны туралы жазуда. Оның үстіне, ол бұған дайын болу үшін ақша сұраған екен. Мұны қалай түсінуге болады? Айтып берейік.
Қазір Желіде таратылып жатқан видео үзіндісі 2022 жылғы 21 маусымда бес жасқа дейінгі балаларды СOVID-19-ға қарсы вакцинациялауға арналған Ақ үйде өткен брифингтің жазбасынан алынған. Брифингте сөйлеген сөзінің толық мәтінін Ақ үйдің сайтынан оқуға болады.
Онда Джо Байденнің «екінші пандемия» деген сөзді айтпағанын көреміз. Бұл видео үзіндіде ол «келесі пандемия» дейді. Бұл өте маңызды, өйткені әлемде пандемия көп болды, ал COVID-19 пандемиясы біріншісі емес.
Келесі пандемия туралы Байден балаларға арналған вакциналардың жаңа партиясын сатып алу үшін Конгресстің қосымша қаржыландыруы жайлы сұраққа берген жауабында мәлімдеді.
«Бізге шынында да көп ақша керек. Ақша балаларға вакцина сатып алу үшін ғана қажет емес. Ақша келесі пандемия болып қалған жағдайда жоспарлау үшін керек. Келесі пандемия болады. Біз алдын ала дайындалуымыз керек», – деп жауап берді АҚШ президенті.
Келесі пандемияның болу ықтималдығы туралы ол ғана емес, ғылыми қауымдастық та айтуда. Тарихта пандемия ұдайы болып тұрады, Юстиниан обасы, бубондық оба, тырысқақ, испан тұмауы және басқа аурулардың жаппай таралуын атап өтуге болады.
Ғалымдардың пайымдауынша, Жер бетіндегі адамдар санының өсуімен аурулар адамнан адамға тез таралады, демек олар тез мутацияға ұшырайды. Осылайша вирустардың жаңа, ықтимал қауіпті штамдары пайда болады.
Осы ақпаратқа ие бола тұра, ғалымдар келесі пандемияның болу ықтималдығын анықтауға көмектесетін әртүрлі математикалық модельдер жасайды. Қорытындыларда кейбір сәйкессіздіктер болса да, олардың барлығында пандемияның болу ықтималдығы жоғары деп айтылады.
Оған дайын болу және қауіп-қатерге жедел ден қою үшін әр түрлі елдерде пандемиялық оқу-жаттығулар жиі өткізіліп тұрады. Қатысушылар әр уақытта әртүрлі сценарийлерді орындайды: биотерроризм мен адамдардың шешек жұқтыруынан бастап, дәрі-дәрмек пен вакциналарға төзімді жаңа супер вирустың пайда болуына дейін. (
Қорыта айтқанда, Джо Байден «екінші» пандемия емес, «келесі» пандемия жайлы айтқан. Оның болатыны Байденнің болжамы емес, бұл негізі бар және орын алуы ықтимал ғылыми теория.