Манипуляция

Фейк: «Жер халқының көптігі туралы теория – бұл адамдар санын бақылау үшін сылтау»

Әлеуметтік желілерде математикалық есептеулер арқылы Жер халқының көп еместігі дәлелденген видеоролик тарады. Планетада өмір сүріп жатқан барлық адамдарды бір ғана, салыстырмалы түрде кішкентай ел аумағында қауіпсіз орналастыруға болады екен. Мұндай есептеулер дұрыс емес. Неге екенін түсіндірейік.

Соңғы мәліметтер бойынша әлемде 8 миллиард адам тұрып жатыр. Олар планетада біркелкі орналаспаған, өйткені оның кейбір жер учаскелері өмір сүруге қолайсыз. Мәселен, жалпы халықтың 90%-ы Жердің солтүстік жарты шарында тұрады.
Бұл ретте адамдардың көбі ауылдарды емес, қалаларды таңдаған. Миллиондаған адам ірі мегаполистерде тұрады. Оларға қарап, 8 миллиард адам түгел өмір сүретін қаланың гипотетикалық моделін жасап көруге болады. Таратылатын роликте келтірілген есептеулерге қарамастан, әр тұрғынға қажет аумақ туралы ғана емес, сонымен қатар мектептер, ауруханалар, балабақшалар, музейлер, театрлар, дүкендер және басқа да қоғамдық ғимараттар туралы ойлану керек. Сондай-ақ осы үлкен қаланың қажеттілігін қанағаттандыратын зауыттар салатын аумақтар керегін де ескеруіміз тиіс. Бұл тұрғындарды тамақтандыру үшін қаладан тыс кең далаға әртүрлі дақылдар себуге тура келеді. Осы егістіктер, зауыттарға шикізат өндіретін кен орындары мен қаланың арасында көлік қатынасын реттеу қажет. Мұндай қала құру үшін ормандарды, өзендер мен көлдерді жою арқылы үлкен аумақты тазарту керек болады. Бұл табиғатқа үлкен зиян келтіреді. Бұдан бөлек, сегіз миллиард тұрғынның әрқайсысы қандай да бір жолмен ресурстарды тұтынады және қоқыс шығарады. Зауыттар мен көлік қоршаған ортаны ластайды. Аз ғана уақыттың ішінде үлкен гипотетикалық қала жері таусылған планетадағы ең лас жерге айналады.
Қазірдің өзінде адамзат жыл сайын планетаның қалпына келтіре алатынынан екі есе көп ресурстарды тұтынады. 
Яғни, халық көп деп айтқанда, мамандар планетамызда адамдарға орын жоқ дегенді меңземейді. Олар Жер ресурстарын тұтынуды азайтпаса, ол осынша адамды қамтамасыз ете алмайды деп мәлімдейді. 
Көптеген ғалымдар планета халқы тығыз орналасқан деген ортақ пікірге келді. Адамзат алдағы уақытта экологиялық апаттың жойқын салдарын бастан кешірмес үшін өз әдеттерін қайта қарап, ресурстарды аз тұтынуды бастауы керек. Мұндай үндеулерді халықты бақылау деп атау дұрыс емес. 
Демек, таратылған ролик пайдаланушыларды шатастырады. Онда келтірілген есептеулер дұрыс емес және адамдардың өмірі мен қажеттіліктерінің көптеген аспектілері ескерілмеген. Планета халқының тығыз орналасқандығын статистикалық мәліметтер мен ғылыми зерттеулер негізінде ғалымдар дәлелдеген.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button