Конспирология: «COVID-19 қарсы вакцина алғандар енді адам емес»
Әлеуметтік желілерде COVID-19 қарсы вакцина алғандар енді адам болып саналмайды деп жазуда. Екпеден кейін олар биороботтарға айналады екен. Сонымен қатар теория авторы вакцинацияланған адамдардың болашағы «Агент Вексилл» аниме сценарийіне ұқсас болады және осының бәріне Орталық барлау басқармасының аса құпия MK-Ultra жобасының қатысы бар деп мәлімдейді. Мұның бәрі – конспирология.
Біріншіден, вакцинацияланғандар биороботтар немесе гибридтер емес, әлі де адамдар. Фактчекерлер мұндай теорияларды бірнеше рет жоққа шығарды. COVID-19 қарсы вакциналарда адам ДНҚ-сын өзгерте алатын компоненттер жоқ. Елімізде рұқсат етілген барлық вакциналардың құрамымен ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сайтында танысуға болады.
Екіншіден, 2007 жылы шыққан «Агент Вексилл» анимесінің 13 жылдан кейін болған пандемияға қатысы жоқ екені анық. Сонымен қатар сюжетте вакциналар туралы мүлдем айтылмайды. Онда адамзатқа қауіп төндіретін робототехника мен биотехнологияға тыйым салу туралы қарар қабылдаған БҰҰ-ға бағынбаған болашақтағы Жапония туралы айтылады.
Үшіншіден, хабарламада аталған Орталық барлау басқармасының MK-Ultra жобасы жарты ғасыр бұрын жабылған. Ол қырғи қабақ соғыстың ортасында басталды, этикаға сай емес, тіпті варварлық болды. Оны жүргізген ғалымдар сынақ субъектілеріне олардың келісімінсіз галлюциногендік препараттар берген, көп жағдайда бұл туралы қатысушылардың өздері білмеген. Осылайша зерттеушілер ақыл-ойдың жасырын мүмкіндіктерін тауып, ойларды бақылау технологиясын игермек болған. 1973 жылы жоба жабылды және одан әрі жаңғыртылмады.
Жобаның кез келген вакцинацияға қатысы болмаған. Басқа ауруларға қарсы екпелердегідей, COVID-19 қарсы вакциналардың да құрамында галлюциногендік препараттар жоқ.
Қорыта айтқанда, таратылған хабарлама – бұл расталмаған қастандық идеяларының жиынтығы. Вакциналар адамдарды биороботқа айналдырмайды, 2007 жылғы анименің 2022 жылы әлемде болып жатқан оқиғаларға қатысы жоқ және MK-Ultra жобасының жабылғанына 50 жылдай болып қалды.