Фейк: «ДДҰ денсаулық туралы барлық ақпаратқа цензура қояды»
Қазнет қолданушылары әлеуметтік желілерде бұдан былай ДДҰ интернетте денсаулық пен емдеуге қатысты барлық ақпаратқа цензура қояды деп жазуда. Жақын арада баламалы медицина, гомеопатия, акупунктура және басқалар туралы барлық жарияланымдар көпшілікке қолжетімсіз болады екен. Бұл олай емес.
Бұл жаңалықтың дерекөзі – британдық The Exposé порталы. Оның үнемі фейк және псевдоғылыми ақпараттар жариялап, қастандық теорияларын тарататыны белгілі.
ДДҰ-ның «цензурасы» туралы жаңалыққа ұйымның сайтында шыққан жалған ақпаратқа қарсы күрес туралы хабарлама негіз болды. Онда COVID-19 пандемиясы туралы жалған ақпаратты жедел жою және белгілеу үшін ДДҰ YouTube компаниясымен жұмыс істеген деп айтылған.
Медиа алпауыттарының ДДҰ-мен және денсаулық сақтау саласындағы басқа да беделді ұйымдармен біріккені туралы БАҚ-та жазылды. Мұндай серіктестіктің мақсаты COVID-19 пандемиясы туралы жалған ақпаратпен күресу болды.
ДДҰ-ға Желіде денсаулық туралы ақпаратқа цензура қою, сондай-ақ балама медицина туралы мақалалар мен видеоларды жою өкілеттігі беріледі деп ешкім ешқашан мәлімдеген емес.
ДДҰ-ның видео хостингтермен және әлеуметтік желілермен ынтымақтастығы жалпы денсаулық сақтау тақырыбына емес, COVID-19-ға қатысты болды.
Демек, таралған хабарлама өтірік және фактілерді бұрмалау болып табылады.