Фейк: «ГМО-ның қатерлі ісік тудыратыны дәлелденді»
Қазнет пайдаланушылары зертханалық егеуқұйрықтарда жүргізілген тәжірибе туралы бейнероликпен бөлісуде. Кеміргіштер екі жыл бойы гендік-модификацияланған жүгерімен қоректенген, соның салдарынан көбінде үлкен ісіктер пайда болып, қиналып өлген. Бұл гендік-модификацияланған тағамдардың өмірге қауіп төндіретінін дәлелдейді екен. Бұл рас па, жоқ па? Анықтайық.
Бүгінде әлеуметтік желілерде тараған видео 2012 жылы түсірілген. Гендік-модификацияланған жүгерінің зияны туралы даулы зерттеу де сол кезде жарияланды. Оның авторлары – молекулалық биолог Жиля-Эрик Сералини бастаған ғалымдар тобы. Бір жылдан кейін олардың жұмысы кері қайтарылды. Ғылыми қауымдастық зерттеуге қатысқан жануарлар саны тым аз және әртүрлі түрінің болмауы біржақты қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді деп санады.
Осы күнге дейін ГМО-ны зерттейтін ғалымдардың бірде-бір тобы Сералини нәтижелерін қайталай алмады. Гендік-модификацияланған өнімдердің онкологиялық аурулардың даму қаупіне әсер ететініне сенімді деректер жоқ.
Сонымен қатар ГМО өнімдері маңызды функцияны атқарады. Технология белгілі бір дақылдардың өнімділігін арттыруға, өсімдіктерді ауруларға және қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді етуге, өсу мен жетілу процесін жеделдетуге және тағы басқаларға мүмкіндік береді. Гендік-модификацияланған тағамдар аштық мәселесін шешеді және көкөніс пен жемістің құнын айтарлықтай төмендетеді.
Демек, Қазнетте талқыланып жатқан зерттеу кері қайтарылған және онда нақты дәлелдер жоқ. ГМО-ның ауыр зияны туралы тұжырымдарды растайтын басқа зерттеулер жоқ. Яғни, таралған видео фейк және ғылыми деректермен манипуляциялау болып табылады.