Fake News

Дәлелсіз: «2023 жылдың наурыз айында әлем бірыңғай цифрлық валютаға көшеді»

Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың қатысушылары 2023 жылдың наурыз айында әлемнің барлық елдері CBDC деп аталатын бірыңғай цифрлық валютаға көшетіні туралы ақпарат таратуда. Бұл қауесет қайдан шықты? Оның рас болуы мүмкін бе? Анықтайық.

CBDC – бұл белгілі бір мемлекет иелік ететін кез келген криптовалютаның жалпы атауы. Аббревиатура «Орталық банктің цифрлық валютасы» дегенді білдіреді (Central Bank digital Currency – ағылш.).
Еуропалық Одақтың ресми сайтында CBDC-ге арналған парақша бар. Онда цифрлық валюталар мәміленің барлық қатысушылары үшін қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады, өйткені мұндай ақшаны есептеу кезінде адамдар өздерінің жеке деректерін ашпайды делінген. Сондай-ақ мәтінде криптовалюталарды қолданудың кемшіліктері келтірілген. Оларға деректердің жаппай сыртқа тарап кету қаупі жатады, өйткені пайдаланушылардың барлық «әмияндары» мемлекетке тиесілі серверлерде сақталады.
Бұл кемшілік Эквадорда жеке криптовалютасын – «цифрлық динарды» айналымға енгізу әрекетінде шешуші рөл атқарды. Бұл 2014 жылы болды, ал 2018 жылы бағдарлама тоқтатылды, өйткені ел азаматтарының орталық банкке деген сенім деңгейі өте төмен болды.
2016 жылдың басында Сенегал өзінің цифрлық валютасын іске қосты. Алайда, сол жылдың соңында бағдарлама жабылды.
Бұл елдерде жаңа криптовалюталарды енгізу туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ.
Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда мемлекеттік цифрлық валюталарды енгізу жөніндегі бағдарламалар әзірлеу сатысында. Біздің елімізде қазір «цифрлық теңгені» енгізу мүмкіндіктері зерттелуде. Бұл валютаның күнделікті өмірге енуі туралы түпкілікті шешім 2021 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеулер негізінде 2022 жылдың соңында қабылдануы мүмкін.
Кейбір елдерде цифрлық валюталарды енгізу бойынша жобалар мүлдем әзірленіп жатқан жоқ. Басқаларында оның қажеті бар ма және экономикаға қалай әсер ететініне қатысты зерттеулер жүргізілуде.
Яғни, жоғарыда айтылғанның негізінде мынадай қорытынды жасауға болады: CBDC – бұл бірыңғай әлемдік криптовалюта емес, мемлекеттерге тиесілі барлық цифрлық валюталардың жалпы термині. Әлемнің кейбір елдері өздерінің цифрлық валюталарын қолдануға дайын емес, ал басқалары олардан мүлдем бас тартты. Демек, 2023 жылдың көктемінде әлемде бірыңғай әлемдік цифрлық валюта болады деген ақпарат дәлелсіз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button