Фейк: «Ғалымды қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапқаны үшін түрмеге жапқан»
Қазнет қолданушылары қатерлі ісік ауруын емдей алатын құрылғыны ойлап тапқан доктор Вильгельм Райх туралы хабарламалармен бөлісуде. Оны бұл жаңалығы үшін түрмеге қамаған екен. Оқиғаны толығырақ баяндап, Райхтың өнертабысы неге қатерлі ісікпен күресу құралы болмағанын түсіндіріп өтейік.
Вильгельм Райх – өте танымал психоаналитик, ол жыныстық қанағаттану кез келген аурудың, соның ішінде онкологияның әмбебап емі деп санайды. Райх көлемі телефон қорабындай-ақ ағаштан, металдан және қой жүнінен жасалған машинаны ойлап тапқан. Бұл үйшік жыныстық энергия – оргонды шоғырландырып, пациенттерді емдеген екен.
Бұл әдістің тиімділігіне ғылыми дәлелдер болған жоқ, сонымен қатар оргон деп аталатын энергияның бар екендігі де расталмады.
Жыныстық қанағаттану кез келген ауруды емдей алады деген теорияны психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фрейд те жоққа шығарды. Ұлы физик және салыстырмалылық теориясының авторы Альберт Эйнштейн де Райхтың құрылғысы жұмыс істейтініне күмән келтірді. Райхпен кездесу кезінде Эйнштейн оны көбінің неге ессіз деп санайтынын түсінгенін атап өтті.
Алайда Райхтың өнертабысы қатерлі ісікке шалдықпаған, бірақ әл-ауқатын жақсартқысы келетін атақты адамдар арасында танымал болды. Оған FDA – Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасының мамандары да назар аударды. «Оргонмен» емдеудің тиімділігіне аз да босла, дәлел таппағаннан кейін, олар Райхтың өнертабысын медициналық алаяқтық деп танып, оны сатуға және жарнамалауға тыйым салуды талап етіп, сотқа жүгінді. Сот бұл талапты сырттай қанағаттандырды, өйткені Райх отырысқа келуден бас тартты.
Райх сот шешімін сақтамай, үйшіктерді сатып, өз қызметін жарнамалауды жалғастырды. Осыған байланысты оған қарсы тағы да іс қозғалды, бұл жолы сотты құрметтемегені үшін. Айта кетейік, психологиялық сараптама кезінде Райх сау емес деп танылды: онда паранойя, ұлылық маниясы және қудалау маниясы бар екені анықталды. Соңғыларын Райхтың өзгеғаламшарлықтардың оны бақылайды деп ойлайтынынан, сондай-ақ сол кезде АҚШ президенті болған Дуайт Эйзенхауэр Райхтың жағдайын білу үшін АҚШ әуе күштерінің ұшақтарын жіберді деп айтқанынан байқауға болады.
Осының бәрін ескере отырып, Райх екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол тек тоғыз ай ғана отырып, 60 жасында қайтыс болды.
Демек, Вильгельм Райх қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап таппаған. Ол «оргон» деп аталатын белгісіз бір энергиямен «жұмыс істейтін» және ешнәрсені емдемейтін құрылғыны ойлап тапқан. Оның ашқан жаңалығы медициналық алаяқтық деп танылды. Ол сот шешімін орындаудан бас тартқаны үшін түрмеге қамалды.
Демек, таратылған ақпарат – фейк.