Фейк: «Ара ұяларында камералар жасырылған»
Telegram-да тараған ара ұясының суретінде «Әлемдік үкімет камераларды осындай құрылымдарда жасырады» деп жазылған. Бұл фейк. Сонымен қатар камераны жою үшін ұяны «таяқпен түрту керек» делінген. Алайда, мұндай әрекеттер адамдар үшін қауіпті.
Суреттегідей ұяларды «қағаз аралар» салады. Ұяға қажетті материалды өздері жасайтындықтан олар осылай аталып кеткен. Аралар ағаш талшықтарын шайнап, ұяға арналған «қағаз» жасайды.
Ара ұяларының ішінде адамдарды бақылайтын камералар жоқ, онда дернәсілдер пайда болатын бал ұясы бар. Орташа ұяларда жүздеген, ал үлкен, баскетбол добындай көлемдегі ұяларда мыңдаған ара болады.
Ара ұяларына қол тигізуге, әсіресе таяқпен түртуге болмайды. Бұл өте қауіпті және өлімге әкелуі мүмкін, өйткені ара шаққанда қанға у еніп, анафилактикалық шок болуы ықтимал. Сонымен қатар аралар ауыртып шағады және бұрын аллергиясы болмаған адамда да аллергиялық реакция басталуы мүмкін.
Тіпті бір араның шағуы да өлімге әкелуі мүмкін. Ал ұяны бұзғанда, адамға бір емес, жүздеген ара шабады.
Демек, ара ұяларындағы камералар туралы мәлімдеме – фейк. Ал әлемдік үкіметтің адамдарды қадағалайтыны туралы ақпарат – қастандық теориясы. Ұяларға қол тигізуге болмайтынын ұмытпаңыздар, өйткені оның салдарынан аралар шабуылдайды. Сондай-ақ адам жақын барған кезде де аралар қорғана бастайды. Ара шаққанда қанға қатты аллергиялық реакция тудыратын у түседі, сондықтан абай болып, ара ұяларына тиіспеңіздер.