Конспирология: «Болашақта ата-аналарға балаларын тәрбиелеуге тыйым салынады және барлық діндер жойылады»
Қазақстандықтар болашаққа жасалған болжамдарға алаңдауда. Таралған ақпаратқа болашақта кейбір құпия әлемдік элиталар ата-аналарға өз балаларын тәрбиелеуге тыйым салады, ал қазіргі діндер жойылады деп жазылған кітап парағының фотосуреті тіркелген. Бұл қандай кітап? Оған неге сенуге болмайды? Түсіндіріп өтейік.
Таралған фотосуретте автордың аты қара түспен боялғанына қарамастан, кітапты атауы мен дизайны бойынша оңай табуға болады. Ол «Жаңа әлемдік тәртіп» деп аталады және оны 1990 жылы Ральф Эпперсон жазған.
Ральф Эпперсон – тарихтағы маңызды оқиғалардың себебі болған әлемдік элиталардың қастандықтарын «әшкерелеген» бірнеше кітап пен DVD дискі шығарған танымал конспиролог. Шын мәнінде, Эпперсон жазған қастандықтардың дәлелі 1990 жылы да, одан кейін де болмаған. Дегенмен, конспирологияны жақтаушылар кейде Эпперсонның туындыларына сүйеніп, өз көзқарастарын дәлелдейді. Әр жолы оларды фактчекерлер жоққа шығарады.
Болашақта әлемде отбасы институты жойылып, діндер жойылады деген тұжырымдарға келетін болсақ, олар Желіде 2021 жылдың көктемінде кеңінен тараған шын мәнінде болмаған «БҰҰ құжатындағы» тармақтарға қатты ұқсайды. Ол кезде пайдаланушылар 2030 жылға қарай әлемнің барлық елдерінде жаңа нормалар енгізіледі деп жазды. Бақытымызға орай, бұл өтірік, ал құжат жалған болып шықты.
Айта кетейік, Эпперсонның түпнұсқа кітабында «Жаңа әлемдік тәртіптің» қалыптасу мерзімі жазылмаған, яғни жобаны орындаудың соңғы «мерзімін» Желі қолданушыларының өздері ойлап тапқан. Ральф Эпперсонның кітабы жарияланғаннан бері 32 жыл өтті, ал 2030 жылы 40 жыл болады. Автор көріпкел болған және әлемдік саясатты мұқият талдап, 40 жылдан кейін қабылданатын заң жобалары бойынша нақты болжам жасады деуге ешқандай негіз жоқ.
Қорыта айтқанда, ақпаратта келтірілген мәліметтер конспирологиялық сипатқа ие және оған сенудің қажеті жоқ, өйткені бұл тезистерге дәлел жоқ.