Фейк: «Starlink спутниктері – жауынгерлік ұшқышсыз ұшатын аппарат»
Қазнет пайдаланушылары ерекше теорияны талқылауда. Олардың кейбіреулері Starlink спутниктері іс жүзінде ұшқышсыз ұшатын аппараттар және жер бетіне әлдеқайда жақын орналасқан деп санайды. Бұл рас па? Түсіндіріп өтейік.
Starlink спутниктері – бұл Илон Маск негізін қалаған Space X компаниясы шығаратын және іске қосатын шағын спутниктер. Олар шалғай және жету қиын аудандар тұрғындарының Интернетке үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Алғашқы сынақ 2018 жылдың 22 ақпанында өтті. Содан кейін тағы 3 259 жерсерік ұшырылды. Компанияға жалпы 12000 құрылғыны орбитаға ұшыруға рұқсат берілген, сондай-ақ планетамыздың айналасында желі құрайтын тағы 30 000 спутникке рұқсат құжаттарын сұрау жоспарланған.
Starlink спутниктері 550 км биіктікте орналасады деп хабарланды. Бұл биіктіктің таңдалуы кездейсоқ емес: ол тұрақты интернет сигналы үшін оңтайлы және құрылғылар істен шыққан кезде оларды орбитадан шығаруға мүмкіндік береді. Осылайша, олар планетамыздың айналасындағы ғарыштық қоқысқа айналмайды.
Алайда, пайдаланушылардың пікірінше, спутниктер іс жүзінде әлдеқайда төмен орналасқан, себебі оларды аспанға ұшыру сәтін көзбен көруге болады.
Шын мәнінде, мұны оңай түсіндіруге болады: біріншіден, ұшырған кезде спутниктер бірден ең жоғары биіктікке жетпейді. Екіншіден, спутниктердің бастапқы дизайны қазір қолданылатыннан өзгеше болды. Алдымен ұшырылған спутниктер күн сәулесін өте күшті шағылыстыру қабілетіне ие болды. Соның арқасында жерден бақылағанда құрылғылар жарқырап тұрған сияқты болып көрінді. Ал жарықтың өте үлкен қашықтықта көрінетіні баршаға аян. Мысалы, біз триллион шақырым жерде орналасқан жұлдыздарды, Жерден 150 миллион шақырым жерде орналасқан жарқыраған Күнді де көзбен көреміз. Яғни, ғарышта жарқыраған заттар көретініп тұрса, бұл олардың планетамызға жақын орналасқандығын білдірмейді. Демек, Илон Масктың спутниктері жерден 550 км биіктікте орналасқанына күмән келтіруге негіз жоқ.
Starlink спутниктерінің жарықты шағылыстыру қабілеті астрономдарды алаңдатып отыр. Олардың пікірінше, түнгі аспанда жарқын нүктелердің көп болуы ғарыш объектілерін бақылауға айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін. Space X компаниясы бұл пікірмен келісіп, спутниктердің жаңа дизайнын жасады, енді олар аса жарқырамайды. Жақында ұшырылған спутниктер көзге көрінбейді.
Starlink спутниктері жауынгерлік ұшқышсыз ұшатын аппараттар деген пікір негізсіз. Біріншіден, спутниктердің дизайны құпия емес және желіде ол туралы видеолар мен мақалалар көп. Онда құрылғылардың қалай жасалып, жұмыс істейтіні егжей-тегжейлі сипатталған. Демек, Starlink-те ұшқышсыз ұшатын жауынгерлік кемеге қажетті элементтер жоқ. Екіншіден, ұшырылған спутниктер жұмыс істеп тұр және бүгінде әлемде 400 мыңнан астам адам Starlink-тен тараған Интернетті пайдаланып жатыр. Бұл спутниктер өздерінің тікелей функциясын орындайды, яғни адамдарға желіге үздіксіз қосылуды қамтамасыз етеді.
Мұның бәрі хабарламада айтылған теорияның жалған екенін дәлелдейді. Starlink спутниктері жауынгерлік ұшқышсыз ұшатын аппараттар емес, олар қажетті жабдықтармен жабдықталмаған және жерден тым алыс орналасқан. Ал ұшырылған кезде жоғары биіктікке көтерілгенше көзге көрінуі мүмкін және жарықты шағылыстырады, сол себепті түнгі аспанда байқалады.