Фейк: «Ғалымдар COVID-19 қарсы вакциналардан сүрме тапты»
Әлеуметтік желі қолданушылары ғалымдар COVID-19 қарсы вакциналардың құрамынан сүрме тапқанын жазады. Германияның зерттеушілер тобы осындай жаңалық ашқан екен. Бұл өтірік.
Хабарламаға тіркелген сілтеме арқылы вакциналардың құрамын микроскоппен талдаған неміс ғалымдар тобының есебі ашылады. Алайда, бұл есеп қандай да бір ғылыми журналдың немесе ғылыми кітапхананың сайтында емес, бөтен хостингте жарияланған.
Бұл зерттеудің жауапты редакторы – неміс дәрігері Клаус Рецлаф. Ол вакцинацияға қарсы тұлға және COVID-19 қарсы вакциналар мен пандемия туралы бірнеше рет жалған және негізсіз мәлімдемелер жасаған. Сондай-ақ пандемия, вакциналар және карантиндік шектеулергее байланысты жалған мәлімдемелерімен және «жаңалықтарымен» фактчекерлердің назарына іліккен «Ағарту дәрігерлері» (Ärzte für Aufklärung-нем.) қозғалысының мүшесі.
Мұның бәрі жарияланған есепке сенуге болатынына күмән келтіреді және оның авторлары біржақты және объективті емес екенін дәлелдейді.
Есепте зерттелетін вакцина ампуласының қалай алынғаны, қанша және қандай жағдайда сақталғаны көрсетілмеген. Яғни, суреттерде нақты микроскоппен қараған вакцина компоненттері бейнеленгенін сенімді түрде айту мүмкін емес.
Сонымен қатар суретте вакцинадан табылған сүрме бөлшектері екені туралы құжат авторларының сөздерінен басқа, ешқандай дәлел келтірілмеген.
Сүрме – бұл көгілдір реңкті күміс-ақ түсті жартылай металл. Ол жоғары концентрацияда улы болып саналады. Оның шаңы мен буының әсерінен мұрыннан қан кетуі мүмкін, ал көп мөлшерде тамаққа қолдану өлімге әкелуі ықтимал.
Есепте қарастырылған Moderna вакцинасының құрамына сүрме кірмейді.
Оның үстіне, бұл препарат ДДҰ-ның тексеруінен және 24 елде 68 клиникалық сынақтан өткен. Олардың ешқайсысында вакцина құрамынан сүрме табылған жоқ. Сондай-ақ сүрмемен улану белгілеріне ұқсас жанама әсерлер тіркелмеген.
Демек, сүрме вакцинаның құрамында бар деуге ешқандай негіз жоқ. Бұл компонент препарат ингредиенттерінің тізімінде жоқ және клиникалық зерттеулер кезінде ампулалардан табылмаған. Вакциналардың құрамынан жартылай металды анықтаған адамдар жалған теорияларымен және мәлімдемелерімен танымал вакцинацияға қарсы топ мүшелері ғана.
Яғни, тараған ақпаратқа сенудің қажеті жоқ.