Фейк: «COVID-19 адамдарға жаңа идеяларды міндеттеу үшін ойлап табылды»
Пайдаланушылар Желіде Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Швабтың кітабы туралы жазды. Онда ол COVID-19 қауіпті емес екенін және жалпы әлемдік элиталар оны өз идеяларын алға тартуға қолдану үшін ойлап тапқан деп мәлімдеген екен. Бұл жалған.
«COVID-19: The Great Reset» кітабын Желіден тауып, оқуға болады. Онда COVID-19 экзистенциалды қауіп төндірмейді деп жазылған. Алайда, қазір таратылып жатқан хабарламаларда ол контекстен үзіп алынған. Шын мәнінде, бұл фраза қолданылған толық абзац келесідей:
– COVID-19-дың өткен эпидемиялардан айырмашылығы, ол жаңа экзистенциалды қауіп төндірмейді. Бұл күтпеген жаппай аштыққа немесе үлкен әскери жеңілістерге немесе режимдердің өзгеруіне әкелмейді. Пандемия нәтижесінде популяциялар жойылмайды немесе біртұтас болмайды. Алайда, бұл үміт күтерлік болжам емес. Шын мәнінде, пандемия біз ұзақ уақыт бойы жеткілікті дәрежеде қарсы тұра алмаған бұрыннан бар қауіпті күрт күшейтеді. Сондай-ақ ол ұзақ уақыт бойы өсіп келе жатқан алаңдатарлық үрдістерді жеделдетеді.
Яғни, Клаус Шваб COVID-19 туралы медициналық тұрғыдан жазбайды, пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалайды. Оның үстіне, ол өзінің кітабында пандемия – ойдан шығарылған және ауру іс жүзінде жоқ деп мәлімдемейді.
COVID-19-дың денсаулық үшін қауіптілігіне келсек, бұл шынайы. Бұл аурудан болатын өлім-жітім деңгейі әлемде 2-3% құрайды. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш 4%-дан асады. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда 6,431,184 адам COVID-19-дан көз жұмған.
Салыстыру үшін, ғалымдардың ебағалауынша, испан тұмауының өлім-жітім деңгейі де 2% құраған.
Бұл COVID-19 қауіпті ауру екенін дәлелдейді. Клаус Шваб өз кітабында бұл олай емес деп айтпаған. Ол пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарын талдаған. Демек, Қазнетте тараған ақпарат – өтірік.