Фейк: «Пандемия кезінде адамдар аурудың өзінен емес, емдеу хаттамаларынан қайтыс болды»
Қазнет қолданушылары ресейлік дәрігер Владислав Шафалиновтың видеосын таратуда. Оның айтуынша, COVID-19 пандемиясы шарықтаған кезде адамдар қауіпті емдеу хаттамаларын орындау арқылы қасақана өлтірілген. Бұл жалған.
Владислав Шафалинов – COVID-19 туралы бірнеше рет негізсіз және жалған мәлімдемелер жасаған хирург. Атап айтқанда, ол бұл аурудың қауіпті емес екенін және асқынулар науқастар арасында дүрбелеңнен туындайды деген. Сонымен қатар COVID-19 қарсы вакциналар қауіпті, өйткені олар қатерлі ісік ауруын қоздырады деп мәлімдеді. Бұл теорияларды Delfi.lt порталының фактчекерлері жоққа шығарды.
Мұндай идеялар Шафалиновтың біліктілігіне күмән келтіреді және онда COVID-19 пандемиясын және осы ауруды емдеу хаттамаларын талқылайтындай ғылыми мәліметтер жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Оның адамдар дұрыс емес және қауіпті емдеу хаттамаларының салдарынан қайтыс болды деген сөздері статистикамен оңай жоққа шығарылады. Мысалы, Қазақстанда COVID-19 жұқтырған науқастардың жалпы саны 1 326 190 адамды құрады. Оның ішінде 13 664 адам қайтыс болды. Сонымен бірге ауруханаға көп адам жатқызылды. 2020 жылдың жазында, Қазақстанда КВИ-мен сырқаттанушылық шарықтаған кезде, елдегі ауруханалар толып кетті.
COVID-19 емдеу хаттамасы бірнеше рет өзгерді, сондықтан дұрыс болуы мүмкін емес деген дәлел орынсыз. Өйткені, COVID-19 – бұл 2019 жылдың соңына дейін белгісіз болған жаңа дерт. Сондықтан оның белгілері, ағымы, емі және салдары пандемия кезінде зерттелді. Ғалымдар ауруды емдеу туралы мәлімет жинаған сайын, емдеу хаттамалары да өзгеріпп отырды. Қазақстанда науқастарға қандай көмек көрсетілетіні баршаға қол жетімді және хаттамаларда ешқандай өлімге әкелетін емдеу әдістерінің жоқтығына көз жеткізуге болады.
Ауруханаға жатқызылған науқастар арасындағы өлім-жітімге келетін болсақ, оны ғалымдар зерттеді. Бұл жұмыстардың нәтижелері Желіде жарияланды. Оларға сәйкес, емдеу хаттамалары адамдардың өліміне әкеп соқтырмайды.
Демек, таралған сұхбат жалған мәлімдемелерді қамтиды. Біріншіден, Владислав Шафалинов COVID-19 қатысты беделді ақпарат көзі емес, екіншіден, оның идеялары ауруханаға жатқызу және өлім туралы қолда бар статистикаға қайшы келеді.