Манипуляция: «Сынап ішкен кезде де қауіпсіз»
Танымал Telegram-чаттардың қатысушысы Қырғызстандағы сынап-сурьмян кен орны туралы жаңалықтар сюжетінен үзінді таратуда. Видеода адамдар металды қолымен ұстап, оның қауіпсіз екенін көрсетіп, ішеді. Желі пайдаланушылары сынаптың қауіптілігі оның таза энергия көзі екенін жасыру үшін ойдан шығарылған деген пікірлер жазуда. Мұның бәрі – қауіпті манипуляция.
Хабарламаны талдап шығайық. Таралған жаңалықтар сюжеті рас. Оны «Настоящее время» ресурсы 2021 жылдың шілдесінде шығарған. Желіден сюжеттің толық нұсқасын табуға болады. Одан кеніш қызметкерлері таза металл сынабы туралы айтады. Әйел қызметкер кәсіпорында сынап буланбайтын жағдайлар жасалғанын айтады. Сондықтан роликте адамдар оны қолдарымен ұстап, металдың қауіпсіз екендігі туралы айтады.
Бұл ғылыми дәлелдерге қайшы келмейді. Шындығында, сынаптың өзі таза күйінде шынымен қауіпсіз, бірақ оның буы мен табиғи түрде таза металдан әлдеқайда жиі кездесетін қосылыстары улы. Оның буымен дем алу жүрек айнуын, бас ауруын, ұйқысыздық, бұлшықеттер әлсіздігін, бүйрек, өкпе және басқа ішкі органдардың зақымдалуына әкеледі.
Сынаптың ағзаға тұрақты әсері Минамата ауруын тудырады – симптомдары бойынша Паркинсон ауруына ұқсас және өлімге әкелуі мүмкін ауыр жағдай. Сынаппен жаппай улану және Минамата ауруын жұқтыру жағдайы Жапонияда 1950 жылдардың басында болған. Метилсынаптың суға түсуіне байланысты балықтар, шағалалар, мысықтар, содан кейін адамдар ауру жұқтырған. Оқиға салдарынан кейбір науқас әйелдерден туған балаларға церебральды сал ауруымен және басқа да ауыр диагноздары қойылды.
Адамдар сынапты әдейі немесе қателесіп ішкен жағдайлар да болған. Мысалы, 2016 жылы үш жасар бала байқаусызда 750 гр таза сынап ішкен. Бұл ретте онда ешқандай улану белгілері болмаған. Өйткені, таза сынап ішекке сіңбейді және денеден табиғи түрде шығарылады. Бұл туралы АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми сайтында да айтылған.
Алайда, жоғарыда келтірілген мысалда қателесіп ішкен металдың аз ғана мөлшері туралы айтылып отыр. Егер сынапты үнемі қолдансаңыз, онда металл бүйректе, жүректе, мида және басқа органдарда жиналып, онкологиялық және нейродегенеративті аурулар тудырады.
Шексіз энергия көзі сынап емес. ХХ ғасырдың басында металл буы жылу қозғалтқышын іске қосу үшін пайдаланылды. Бірақ технология қымбат, тиімсіз және ағып кетсе, топырақ пен суды ластауы мүмкін болғандықтан объективті тұрғыдан қауіпті болып шықты.
Өтірік айтып, оны жасыру үшін әлемді ондаған жылдар бойы алдау мағынасыз. Пайдаланушылардың сынаптың қасиеттерін бүкіл әлем мұнайды сатып алуы үшін жасырылады деген теориясы да мағынасыз, өйткені сынап керемет энергия көзі болса, онда ол мұнайдан да қымбат болып, оны бәрі сатып алар еді.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, сынаптың қауіпсіздігі туралы хабарлама манипуляция болып табылады деуге болады. Роликте булануы мүмкін емес жағдайлардағы таза металл туралы айтылған. Кез келген басқа жағдайда сынап буы мен оның қосылыстары улы болады және жануарлар мен адамдардың өліміне әкелуі мүмкін.
Сынаптың пайдасы мен оның жасырын қасиеттері туралы теориялар конспирологтар арасында кеңінен танымал. Біз бұл қауесеттерді жоққа шығардық. Баршаңызды осындай ақпараттарға сенбеуге, тек дәлелденген ғылыми фактілерге ғана сенуге шақырамыз.